Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева және Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласындағы балаларға арналған оңалту орталығы мен инклюзияны қолдау кабинеттерін (ИҚК) аралады.
Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында ашылған орталық Атырау облыстық балалар ауруханасында орналасқан. Су жаңа мекеме жылына 600-ге жуық балаға ем-дом көрсетеді. Мұнда дәрігер кеңесі, механотерапия, емдік дене шынықтыру (кинезотерапия), сенсорлық және интерактивті бөлмеде логопедтің, дефектологтың, психологтың, эрготерапевтің сабағы, бальнеотерапия, физиоемдеу т.б. сан түрлі қызмет бар. Церебральді сал ауруы, аутизм, эпилепсия, психикалық дамуы тежеліп, сөйлеу тілі жетілмеу сынды дамуында түрлі бұзылыстары бар балалар да оңалтудан өте алады. Қазір Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қостанай облысында және Нұр-Сұлтан қаласында 8 орталық бар. Жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірінде тағы 10 орталық есігін айқара ашпақ.
- «Балама ем-шаралар ұнады. Бұрын Нұр-Сұлтан қаласында оңалтудан өтетінбіз. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазір біздегі қызмет көрсету деңгейі олардан еш кем емес. Орталықтың пайдасы көп», - дейді Гүлбазар Сәрсенбаева есімді ата-ана.
Инклюзияны қолдаудың 16 кабинетін ашу «Қамқорлық» бастамасының маңызды құрамдас бөлігі. Дариға Назарбаева №40 және Атыраудағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептегі ИҚК жұмысын көзбен көріп, көңілге түйді. Тек осы екі инклюзия кабинетінің арқасында бүгінде ерекше қажеттілігі бар 22 бала қатарластарынан қалмай білім алуда. Бұрын олар үйден оқып, логопедтің, дефектологтың және психологтың қызметі үнемі көрсетіле бермейтін.
- «Сөйлеуде, баланың қимыл-қозғалыс дағдысында оң өзгеріс байқалады. Бұл Елбасының, «Қамқорлық» орталығы мамандарының, көзбен көріп қабылдау мен қол моторикасын дамытатын заманауи жабдықтардың арқасы. Сауықтыру қызметі қолжетімді бола түсті. Осындай орталықтар көп болса екен», - деді ИҚК келуші Гүлжамал Арыстанова.
Дариға Назарбаева жұмыс сапары барысында әлеуметтік ауылға және иесі жоқ жануарларға арналған «Кішкентай ел» баспанасына, облыстық кардиологиялық орталыққа, «Білім-Инновация» лицей-интернатына, тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімі мен өмірлік қиын жағдайда қалған жандарды қайта әлеуметтендіру орталығына барды. Сапар соңында ҚР Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева Атырау қаласы іргесіндегі көне қала Сарайшықтың орнына да арнайы барды.
Онда Дариға Нұрсұлтанқызы облыс басшылығына көне қала Сарайшықтың орнын сақтап қалуға байланысты атқарылып жатқан шараларды жетілдіруді, көне қаланы туристік ортаға айналдыру қажеттігін баса айтты.