Коронавирус эпидемиясының салдарынан соңғы айларда дәріханаларда ыстықты түсіретін дәрілер, антибиотиктердің тапшылығы сезілді.
Парацетамол, ацетилсалицил қышқылын таппай, қиналғандар қаншама! Пандемияның өршуінен ауруханаларда орын жеткіліксіз, сол себепті көпшілік науқастар үйде емделуге және өз бетімен дәрі іздеуге мәжбүр. Ал, жұрт жаппай дәрі сатып алуға көшкендіктен, қай жерлерде де дәрілерге сұраныс көбейді. Миялы ауылындағы бірқатар дәріханаларды аралағанда кезекте тұрған ауыл тұрғындарын кездестірдік.
– Үйдегі балалар тұмауратып, қызулаған соң дәрі алайын деп дәріханаларды жағалап келемін. Барлық жерлерде де кезек. Кезегің жетіп ішке кірсең, әншейінде толып тұратын дәрілер жоқ. Барының өзі қымбаттап кеткен, - дейді Нұржан есімді ауыл тұрғыны.
Шындығында бұрындары «бас ауырып, балтыр сыздағанда» қолданатын дәрілердің бағасы қазір шарықтап кеткен. Сонда халықтың дерттен қиналып жатқан тұста «ақша табуды» көздегендердің бұл әрекетін қалай түсінеміз? «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» деген осы шығар…
Дәріханашылардан қазіргі таңда қандай дәрілерге сұраныс көптігін, қандай дәрілер жетіспейтіндігін сұраған едік. Олардың айтуынша, бұрындары медициналық бетперде мен қолғаптар қат еді. Қазір олар қымбаттау болса да дәріханалардан табылады. Ауыл тұрғындары негізінен вирусқа қарсы дәрілік заттардан, зитмак, азитромицин сұраса, тұмауға қарсы препараттардан ингавирин, цеф-3, тамифлюді іздейді. Бірақ бұл дәрілерді әкелуге қымбат болып тұр. Бүгінгі күні новакаин, метрид, физраствор, глюкоза, лидокаин тапшы. Витаминдердің ішінен В-1, В-6, Витамин С мүлдем жоқ. Сұраныс берілгенімен, жоғары жақта да жоқ болғандықтан келмейді. Ал, ацетилсалицил қышқылы, парацетамол, аналгин дәрілері, шприцтер күнделікті сұранысқа ие. Бірақ бұлардың да қоры мол болмағандықтан аз мөлшерде келеді де, өтіп кетеді.
– Бұрындары парацетамол немесе аспирин сатып алуға дәріханаға 10-15 адам келетін болса, қазір тәулігіне 80-90 адам осы тауарды сұрауда. Қазір бұл дәрілерді біз де қымбат бағасына алудамыз. Оған қоса, тұрғындар ауырмаса да, «дәрі бітіп қала ма?» деген үреймен, дәрі-дәрмекті үйіп-төгіп алып жатыр. Кейбіреулер ауырмаса да, індет жұқтырып аламын деген сақтықпен елден естіген дәрілерін ішіп жатыр. Бұл да қауіпті. Өйткені, дәрігердің анықтама қағазынсыз ішілген дәрі басқа аурулардың қозуына әкеліп соқтыруы мүмкін, - дейді дәріхана қызметкерлері.
Халықтың дәрі таппай әуре-сарсаңға түскенін көрген аудан кәсіпкерлері өзара қаржы жинап, парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, азитромицин дәрілері мен медициналық бетперделерді тегін таратуды қолға алды. Қайырымдылыққа бір табан жақын кәсіпкерлер тағы да қаржы жинап, тұрғындардың сұраныстарына орай басқа да дәрі-дәрмектерді алуға жұмыстануда. Әрине, аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен сұранысқа ие дәрілер жеткізілгенімен, індет қаупі әзір сейілмесе бір шарасын алу қажет.
Сурет: ашық дерккөзден