Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚҰНЫСКЕРЕЙ ХАЛЫҚ БАТЫРЫ

Құныскерей Қожахметов туралы халық жазушысы Хамза Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» (1967), «Жүнісовтер трагедиясы» (1970), жазушы Марат Мәжитовтың «Құмдағы із», «Құныскерей» (2002), жазушы, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің «Құныскерей» (2003, 2018), Қайыржан Хасановтың «Құныскерей» кітаптарында жан-жақты жазылып, тарихи тұлғасы нақты фактілермен суреттеледі.

Ол 1895 жылы қазіргі Көздіғара ауылдық округіне қарасты Тайсойған құмында туып өскен. Қаракөл 2 кластық орыс-қазақ мектебін бітірген ол өз заманының сауатты азаматы болыпты. Кеңес үкіметі орнағанға дейін Тұзтөбеден тұз тасып сатып, тағы да басқа ұсақ саудамен айналысып кәсіп қылған. Кеңес үкіметі орнаған соң Көздіғара ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы болып, өлкеде жаңа кеңес өкіметінің қалыптасуына белсене қызмет жасаған. Кеңестік әкімшілдік – әміршілдік саясатқа, ел ішіндегі қуғын-сүргінге шыдай алмай, шала сауатты шенеуніктердің «әпер бақан саясатына» көнбей қарсы шығып, «халық жауы» атанып, «банды Құныскерей» деген атақ таңылып, нақақ қудалауға ұшыраған. 1920-1933 жылдардағы қазақ шаруаларының «Адай көтерілісіне» белсене араласқан күрескер тұлға. Батырлығымен, асқан мергендігімен көзінің тірі кезінде аты аңызға айналған Құныскерей 1930-1935 жылдары Түркіменстанның Мары облысы, Кушка ауданы, Сараджа ауылын паналаған. Ол жақта Жаманов Әбілхайыр (Андрей, Елемес) деген жасырын атпен өмір сүріп, орта деңгейдегі лауазымды қызметтер жасаған.

Халық батырының екі ұлы Айтжан мен Айтмұха, екі қызы Шолпан мен Айманнан өрбіген немерелері мен жиендері, шөберелері Атырау, Қостанай, Маңғыстау қалаларында тұрады. Жалпы, Құныскерей Қожахметовтің тарихи бейнесі 1920-1930 жылдардағы қазақ халқының басына түскен ұлттық трагедияның жиынтық образы десек артық болмас. Оның кесек мінезі, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметі, батырлығы мен мергендігі бүгінгі және кейінгі ұрпаққа өрісті өнеге екендігі даусыз. Сондықтан, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында, аудан әкімдігінің қолдауымен аудан орталығы Миялы ауылында саяси қуғын-сүргін құрбаны, халық батыры Құныскерей Қожахметұлының туғанына 125 жыл толуына орай, ауқымды шаралар өткізу жоспарланып отыр. Осы орайда, Құныскерейді қумаған үшін «банды Хасан» атанған әкем туралы сыр шерткенді жөн көрдім.

Менің әкем, Хасан Сағынбаев 1913 жылы туған, Ұлы Отан соғысының ардагері, өмірінің соңына дейін, ауданның салық мекемелерінде салық жинаушы, қатардағы жұмысшы, құрылысшы болып еңбек етті. Сағынбайдың ең кенже ұлы. Ақша апасы Жылой ауданы жағындағы Адай руына тұрмысқа кеткен. Әкем он тоғыз ағайынды. Оның алты айлығында, өз алдына отау тігіп отырған сегіз үйдің адамдары шума ауруымен ауырған. Бір жасқа жетпеген бала шумамен ауырмайды екен. Патшалық ресейдің заманы, патша әскерлері келіп сол ауылды қоршап, киіз үйлердің үстіне жыңғылдарды үйіп, таңертең өртемекші болады. Сол кезде жылап жатқан алты айлық Хасанның дауысын естіген Сағынбайдың інісі, Түлкібайдың баласы Зағыпар он алты жаста екен,

Ол әкесіне: - Мен Сағынбай көкемнің ұрпағынынан бір адам болса да ұрпақ қалдырамын, жылап жатқан алты айлық Хасан, қалай болғанда да соны алып қаламын-деп бата сұрайды.Түлкібай: -Шырағым сен оған барма, босқа өлесің, солдаттар сені атып тастайды- дегеніне қарамастан, түн ішінде еңбектеп барып Хасанды алып шығады. Хасан Зағыпар ағасының үйінде ерке, бұла болып, Зағыпардан басқа адамды тыңдамайтын, кім болса да бетіне тіке айтатын азамат болып өседі. Комсомол мүшесі Хасан ауылдық кеңес төрағасының айтқан тапсырмасын мүлтіксіз орындап, Зағыпар ағасы берген ала құнанымен шауып жүретін. Бір күні кеңес төрағасы шақырып кеңсеге барса Калмыковтан келген милиция бастығы отыр екен, Ол: - Хасан сен комсомол мүшесісің, ертең түсқайта атыңмен, сусын-тамақтарыңды алып осы кеңсеге кел, Құныскерейді қуамыз. - Мен Құныскерейді қууға бармаймын. -Сен не айтып отырсың комсомол мүшесісің, бармасаң комсомолдан шығасың. -Шығарсаңдар шығара беріңдер, мен бармаймын-деп шығып бара жатқан Хасанға: -Тоқта, қайт кейін- десе де қарамастан атына мініп Зағыпардың үйіне келеді.Ұзақ уақыт болған жоқ, екі үш адам келіп: -Хасан сен комсомолдан шықтың, атты алып кетеміз. Ұзын бойлы, еңсегей денелі Зағыпар:

-Атта қандай шаруаларың бар?-дегеніне қарамастан, байлаулы тұрған атты жетектеп кете барады. Үлкен сырықпен тұра қуған Хасанды, Зағыпар азар ұстап қалады да: -Бала, ат табылар ала берсін, өзің аман бол-дейді. Сол күні Хасан ұйықтай алмай, ақыры түн ішінде Тұрабай көкесінің қыстағына барады. Онда адам жоқ, бірақ өзінің тауып алған, адамға тіпті Зағыпар ағасына да айтпай тығып қойып жүрген үш-төрт оғы бар мылтығы бар еді, соны алып дамылдап көз шырымын алады. Түсіне өмірінде көрмеген Ақша апасы енеді. Апасы: «Қиналып жүрсің-ау бауырым, жетімегім –ай мен бармын ғой» дегенде Хасан шошып оянады. Таң атып қалыпты. Сол жерде: «Бүгін түсте барлық атқа мінгендер советтің кеңсесіне жиналады. Мұның да аты сол жерде болуы мүмкін, атты алып қашады да Жылойға кетіп, Ақша апамды іздеп тауып аламын» деп шешімге келеді. Кеңес кеңсесінінің маңы кермеге байланған толған ат. Өзінің тайы да осында тұр екен. Әуелі елге танымал, аламанда алдын бермейтін торы төбелді алып кеткісі келеді, бірақ бұл ойдан арылып өзінің ала байталын жетектеп, мылтығын тыққан сайға келіп, жерден бір уыс топырақ алып, иіскеп қалтасына салды да күн шығысты бетке алып жүріп кетеді. Лезде бірнеше жүздеген адамдардың топырақ тасып бөгет салып жатқандарының үстінен түседі. Олардан жол сұрағысы келіп бұрылып, артына қарап еді алыстан екі шаң көрінді қуғыншы екенін біліп бұл да атына қамшы салады. Сағынбайдың Есентемір, Адай, Шеркеш руынан үш әйелі болған. Сондықтан Хасан Сағыз бойындағы адайларға нағашылап барады. Олар оны бірнеше күн қонақтап, астына әлді ат беріп Жылойдың бағытын көрсетіп аттандырады. Бір ай жүріп іздеп ақыры апасын табады. Жездесі Хасанның астындағы атын, мылтығын сатып қаражат жинап беріп, Астраханға май таситын «водобозбен» бірге сол жаққа жібереді. Астраханда 10 жылдай портта жұмыс жасаған әкем 1939 жылы елге оралады. Бірқатар адамдар «банды Хасан келді» деп байбалам салғанымен сол кездегі ауылдық кеңестің төрағасы Мұқанғали Төлеуов оларды басып, Хасанды аман алып қалады. Әкем сол Мұқанғалидың үйінде тұрып, қолындағы қыз Збираға үйленіп, үбірлі-шүбірлі ғұмыр кешеді. Құмар ХАСАНОВ, ардагер ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521