Міне, 2020 жылды да тәмамдап, жаңа 2021 жылға да қадам бастық.
Еліміз бойынша ауыр жыл болғаны баршаға белгілі. Дегенмен, ел бірлігінің арқасында бұл жылды да абыройлы тәмамдап, әр түрлі салада жетістіктерге жеттік. Бұлардың арасында, алпыс бес жылдан астам тарихы бар «Қызылқоға» газеті де бар. Әрине, кез-келген газет оқырманымен ғана көрікті болатыны ақиқат. Өткен жылы «Қызылқоға» газеті 2377 данамен жарық көрсе, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында аудандық басылымға жазылған оқырмандар саны 3755 данаға жетті. Оқырмандардың басым бөлігі ауданға қарасты 10 ауылдық округтің тұрғындары болса, бұдан басқа Атырау қаласы, Мақат, Құрманғазы, Индер, Махамбет, Исатай, Жылыой аудандарынан да жазылушылар бар. «Қолдаушысы болмаса Құлагер де шауып бәйге алмас» деген емес пе халқымыз?!
Осы ретте, аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев газет редакциясына үлкен қолдау білдіріп, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтің қолымен барлық округ әкімі, дербес бөлім, мекеме басшыларына дәстүрлі баспасөзге жазылу науқанына байланысты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу керектігі жөнінде хат жолданды. Хаттың нәтижелі орындалуы аудандық ішікі саясат бөлімі (басшысы Азамат Жақсиев) арқылы қатаң қадағаланып, күнделікті жоспардың орындалысы бақылауға алынды. Бір қуанарлығы – барлық округ әкімдері өз округтеріне, дербес бөлім, мекеме басшылары өз мекемелеріне бөлінген жоспардың орындалуына бар күш жігерлерін салып, нәтижелі ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша, аудан айнасына айналған «Қызылқоға» газетінің таралымы межелеген жоспардан артығымен орындалып отыр.
Ендеше, алпыс жылдан астам тарихы бар аудандық басылымының оқырмандар санының артуына зор септігін тигізген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев бастаған ұжымға, барлық округ әкімдері мен дербес бөлім, мекеме басшыларына, жағдайы төмен отбасылар мен ардагерлердің рухани сусындауы үшін аянып қалмай, мүмкіндіктеріне қарай демеушілік танытқан шаруагер, кәсіпкер, қарапайым азаматтарға (Демеушілердің аты-жөндері бөлек беріліп отыр Б.С.) алғысымыз шексіз. Оларға көптен-көп рахмет айта отырып, алдағы уақытта газет ұжымы оқырмандарды тұшынып оқитын мақалаларымен қуанта береді деген сенімдеміз.
Бауыржан СИСЕНОВ
«Қызылқоға» газетінің бас редакторы