Сәрсенбі күні «Nur Otan» партиясы аудандық сайлауалды штабының мүшелері Альберт Аққайнанов, Бауыржан Кереев, Айбар Алтыбаевтар Қарабау ауылында тұрғындармен кездесті.
Жиынды ашқан партияның аудандық сайлауалды штабы төрағасының орынбасары Альберт Аққайнанов:
– Ақындар мен би-шешендердің мекеніне айналған бұл Қарабау ұлттық құндылықты сақтай білген берекелі ауыл. Осы орайда, үлкен саяси доданың алдында ауыл халқымен кездесіп отырмыз. Баршаға белгілі біздің партия саясат сахнасында ұзақ жылдан бері келе жатқан, тәжірибесі толысқан саяси ұйым. Партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасында елдің жағдайын жақсарту, алыс ауылдарға әлеуметтік нысандар салу сынды бірқатар жұмыстар бар. Соның ішінде Қарабау ауылынан мәдениет үйін салу да жоспарға еніп отыр, – деді.
Бұдан әрі сөз сөйлеген штаб мүшесі Айбар Алтыбаев цифрландыру, халыққа қызмет көрсету саласында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталса, Бауыржан Кереев көгілдір отынмен қамту мәселесін көтерді.
Үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын тыңдағаннан кейін пікір білдірген ауыл тұрғыны Әлібек Ишақов шалғай ауылдар мәселесі назардан тыс қалмауы керек деген ұсыныс айтып, алдағы сайлауда «Nur Otan» партиясына сәттілік тіледі.
«