Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ 9,5 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕДІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеменің деңгейін жылдық 9,5 пайызға дейін төмендету және пайыздық дәлізді +/- 2 пайыздық тармаққа дейін кеңейту туралы кезектен тыс шешім қабылдады.

Тиісінше, өтімділікті беру бойынша тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 11,5 пайыз, өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжетімді операциялар бойынша 7,5 пайыз болды. Осы шешім 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап күшіне енді. Мұнай бағасының екі есе құлдырауы, OPEC+ келісіміне қатысты бұдан былайғы перспективалардың белгісіздігі және COVID-19 коронавирусының пандемиясы аясында наурыз айында қабылдаған Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені 12,0 пайызға дейін арттыру және теңгенің айырбастау бағамын тепе-тең деңгейде қалыптастыру туралы шешімдері инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға және сыртқы күтпеген өзгерістер ықпалының қаржы нарығына таралуын шектеуге бағытталды.

Сыртқы күтпеген өзгерістер ықпалының теріс салдарын жеңілдету үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша 4,4 триллион теңге көлемінде дағдарысқа қарсы шаралардың 2 топтамасына бастама көтерді. Осы бастамаларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджет саясатының негізгі параметрлерін қайта қарап, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға қомақты шығыстар көздеді. Бұл ретте, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде бұдан әрі ұзақ ұстап тұру экономикалық белсенділікке шектеу әсерін көрсетуі мүмкін деп санайды.

Соған қарамастан, COVID-19 коронавирусы пандемиясының кеңеюіне негізделген сыртқы сектор тарапынан сұраныс пен ұсыныстың бір уақыттағы күтпеген өзгерістері және мұнай бағасының көп жылғы минимумға дейін күрт төмендеуі, ішкі ұсыныстың шектелуі инфляция деңгейін арттыруға алып келді. Биылғы жылдың наурызындағы қорытындысы бойынша инфляция жылдық көрсетуде белгіленген 4-6 пайыз нысаналы дәлізден асып, 6,4 пайыз болды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 2021 жылы кейіннен бәсеңдей отырып, 9-11 пайыз шегінде қалыптасады деп күтеміз. Ұлттық Банктің бағалауы қазіргі жағдайлар сақталған кезде ағымдағы жылы экономикалық өсу теріс болатынын көрсетіп отыр.

Бұл шешім Ұлттық Банктің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, біздің экономика үшін тәуекелдерді шектеуге және оны сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларына бейімдеуге бағытталған бірқатар шараларының бірі болып табылады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын 1 триллион теңгеге дейін кеңейтуді және 600 миллиард теңгесіне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын қабылдауды қоса алғанда, Ұлттық Банктің басқа шараларымен бірге базалық мөлшерлемені төмендетуі коронавирус салдарының ел экономикасына әсерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Және экономикалық белсенділікке қолдау көрсетеді.

Ұлттық Банк сыртқы және ішкі жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады. Қажет болғанда өзінің монетарлық саясатын икемдеп түзетеді. Ұлттық Банктің қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған барлық қажетті мүмкіндіктері мен құралдары бар және әлемдік экономикадағы ахуал айтарлықтай нашарлаған жағдайда тиімді шешімдер қабылдауға дайын. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылдың 27 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланатын болады.

Мәлика РАЙМОВА,

ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының экономикалық талдау

және статистика бөлімінің жетекші маман-экономисі

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521