Бағасы - арзан, сөзі – маржан
«Сүт сұрай келіп шелегіңді жасырма» демекші сөзіміздің негізгі түйіні газетке жазылу барысына бұрылып келе жатқандығын көзі қарақты оқырман ұғып отырған шығар. Себебі, дәл қазір тұтас ел бойынша «Баспасөз-2023» науқаны жүруде. Бұл орайда, жетпіс жылға жуық тарихы бар аудандық «Қызылқоға» газетінің де алар орны ерекше. Ұзақ жылдан бері аудан халқының айнымас серігіне айналған аудандық басылымның қолдаушысы да жетерлік. Таяуда, Атырау қаласында тұратын жерлесіміз Рауан Сабыров өзінің әкесі атындағы көшеде тұратын 10 үйдің тұрғындарын газетке тегін жаздырса, «Қазбек би» қоры жангелдиндік тұрмысы төмен 10 отбасыға демеушілік көрсетті. Бұл да болса үлкен қолдау, көмек.
Қазіргідей қымбатшылық заманында елдің бәрі кез келген тауардың бірінші бағасын сұрайтындығы белгілі. Бұл орайда, барлық дүние қымбаттап жатқанда оқырман үшін өз бағасын көтермей ұстап тұрған газет екендігін біреу білсе, біреу білмес. Мысалы, аудан халқы үшін «Қызылқоға» газетіне 2023 жылдың алты айына жазылу – 1568-ақ теңге. Бұл соңғы 4-5 жылдан бері өзгермей тұрған баға. Демек, аудандық газеттің сапасы артқанымен, бағасы қолжетімді күйде тұр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындар газетке тезірек жазылып алғаны қандай ғажап?!
Түйін
Іргесін сонау 1953 жылы қалаған аудандық газет бүгінде елмен бірге есейіп, дамып келеді. Талай таланттың тырнақалды туындысын жарыққа шығарып, небір мықты ақын-жазушыларды қанаттандырған аудандық газет келер жылы мерейлі 70 жылдығын атап өткелі отыр. Осы орайда, мерейтой қарсаңында аудан халқы мен округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары «Баспасөз-2023» науқанына атсалысса, ал, қолы ашық атымтай азаматтар тұрмысы төмен отбасыларды газетке жаздырса керемет сыйлық болар еді.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН