Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАСПАСӨЗ - 2023

«Гуглде» жоқтың бәрі бар

Қазір жасы болсын, үлкені болсын бір ақпарат керек болса «Оны табу оңай. «Гуглден» іздей саламын ғой» дейді. Алайда, «Гуглде» іздеген ақпараттың бір емес, бірнеше нұсқасы болатындығын, оның қайсысы дұрыс, қайсысы жалған екендігін біле бермейді.  Ал, газетте кез келген ақпарат әбден пісіп, жетілген күйінде беріледі. Яғни, жұрт газет оқу арқылы «Гуглде» жоқ құндылықтармен қауышады. Тіпті керек десеңіз, әлгі «Гуглдегі» ақпараттың басым бөлігін газет журналистері дайындап, сайтқа салғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Яғни, сайттағы мақалалар мен ақпараттардың негізгі түпнұсқасы газетке барып тіреледі. Айтпақшы, биолог ғалымдардың зерттеуінше интернетте оқыған ақпарат кітап пен газеттен оқығанға қарағанда тез ұмытылады екен. Себебі, кітап пен газеттің өзіне тән парақтары, баспадан шыққан иісі болады. Беттерін парақтап ашасың, бүкіл зейініңді қойып оқисың. Ал, интернетте бір нәрсені оқып жатып, екіншісіне ауысып кетуің мүмкін. Ол жерде толассыз ақпараттар мен көзіңді арбайтын дүниелер көп. Оқыған нәрсеңді келесі ақпарат басып тастайды. Сондықтан да,  ең қажетті дүниені санаға сіңіру үшін газеттен немесе кітаптан оқыған абзал.

Айтпақшы, қазір «Газет – өткен ғасырдың ақпараттық құралы» дейтіндер бар. Әрине, ешкімнің ауызына қақпақ болмаймыз. Тек сондай пікірдегі адамдар газеттің жаңа заманға сай жасақталған сайты, әлеуметтік желілерде парақшалары бар екендігін білсе дейсің.  Әрине, осындайда кей оқырмандар «Сайт болса, газетті шығарып не керегі бар? Жұрт керегін сайттан оқи салады ғой» деуі мүмкін. Бұл да қате пікір. Себебі, әрқайсысының өзіндік атқаратын міндеті бар. Сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы жедел ақпараттар халыққа ұсынылса, газетте сол ақпараттар кеңірек қамтылып беріледі. Сондай-ақ, газет өміршеңдігімен де құнды. Әсіресе, сайтпен салыстырғанда газеттің тарих үшін орны бөлек. Мысалы, осыдан 5-6 жыл бұрын қазақ интернетінде «Жақсы.кз» деген сайт болды. Оның журналистері де білікті, өте жақсы мақалалар жарияланып жүрді. Ал, қазір ол сайт жоқ, жабылып қалды. Сайтымен бірге ондағы құнды ақпараттар да өшіп қалған. Ал, оның қасында газеттің тігінділері редакцияда, кітапханаларда, мұрағаттарда сақталады. Демек, мұның өзі газеттің өміршеңдігін көрсетеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT