Қазіргі ақпараттық дәуірде газеттің орнын әлеуметтік желі, кітаптың орнын планшет басып жатқаны жасырын емес. Бұған интернеттің барлық жерде қол жетімді болуы өз әсерін тигізуде. Алайда, бұл дәстүрлі басылымның күні қараң деген сөз емес. Дүние жаңарып, жаңа технология өмірімізге толығымен енген күннің өзінде газет елмен бірге жасай бермек. Себебі, дәстүрлі басылым – тұнған тарих, құнды құжат. Десе де, ел ішінде «Газеттің дәуірі өтті, енді керегі жоқ» деген кертартпа пікір білдіретіндер бар. Осы орайда, «Газет несімен құнды?» деген сауалға жауап іздеп, аталмыш тақырыпты індете зерттегенді жөн санадық.
Сауатты болғанға не жетсін?!
Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтама беріп кеткені белгілі. Ахаңның дәл бұлай айтатындай жөні бар. Себебі, ол ел бойынша тұңғыш «Қазақ» газетін шығарып, күллі алаштың көзін ашқан ағартушы ғалым. Міне, сол Ахметтердің ізін ала елімізде көптеген газет-журналдар шыға бастады. Солардың бірі де, бірегейі – іргесі 1953 жылы қаланған аудандық «Қызылқоға» газеті. Жетпіс жылға жуық аудан айнасы болып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан басылымның оқырманға берері әлі деп көп. Бұл ретте, бүгін тек «Қызылқоға» емес жалпы газет атаулының оқырманға берер пайдасы мен тәлім-тәрбиесі туралы сөз қозғап көрелік.
«Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» болатын газет түсінген адамға ақпараттың қайнар көзі және таусылмас құнды қазына. Сондай-ақ, халықты сауаттандырып, көзін ашатын ақпарат құралы. Әсіресе, қазіргідей қазақы сөздің қаймағы бұзылып бара жатқан заманда газет оқу өте қажет. Бұл туралы таяуда белгілі журналист Нұрислам Құспанғали өзінің «Фейсбук» парақшасында «Біз тілді сақтауымыз керек! Бұлай кете берсек, қазақтың сөз өнері тұрмақ, сөйлеуінен айырылып қаламыз» деп мәселе көтерді. Расымен де, қазір әлеуметтік желіде «Нестепватсын?», «Не хауар?», «Норм» деген сынды қате жазудан көз сүрінеді. Көз сүрінген былай тұрсын, дәл осылай жазу әдетке айналып бара жатқандай. Ал, тұрақты түрде газет оқып, рухани сусындап отырған адам бұлай қате жазбайды. Себебі, бір мақала газетке шыққанша бірнеше сүзгіден өтеді. Әр мақаланың үтір, нүктесінен бастап, сөйлемнің дұрыс құралуы, сөздің дұрыс жазылуы, оның газет бетіне орналасуы – бәрі де тексерістен өтіп, оқырманға ең дұрыс нұсқасы жол тартады. Ал, оны оқыған оқырман өмірде де, әлеуметтік желіде де сауатты болары хақ.
Танымал журналист Нұртөре Жүсіп бір сұхбатында «Газетке деген немқұрайлылық тек Қазақстанда ғана өріс алып отыр. Әлемнің кез келген озық мемлекетінде қағаз түріндегі басылымдар тұрақты шығуда. Технология жағынан дамыған Жапонияның өзінде күніге екі рет – таңертең және кешке 9 миллион тиражбен шығатын газеттер бар. Сол Жапония неге жауып тастамайды газеттерін? Бәрі смартфон арқылы оқи бермей ме? Жоқ! Дамыған елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Олар содан айырылғысы келмейді» деген болатын. Расымен де, қазір сонау Америкада, мына тұрған Түркияда ай, апта емес күн сайын миллиондаған тиражбен газет шығады және олар оқылады. Бұл елдердің қарқынды түрде дамып, өркендеп жатуының құпиясы да осы жерде жатуы мүмкін. Өйткені, газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болады. Ал, ғылымы бар елдер міндетті түрде дамиды.