Жұма күні Индер ауданында "Атырау-Ақпарат" ЖШС жанынан құрылған Бас редакторлар клубының отырысы өтті.
Өңірге барған редакторлар алдымен ақын Мұрат Мөңкеұлы мен бард ақын Табылды Досымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң мәдениет үйінде бас редакторлар жиынында бас қосты.
Алдыменен Индер ауданы әкімі Мейірім Қалауи ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндетті жүзеге асыру аясында арнайы іс- шаралар жоспары жасақталып жатқанын тілге тиек етті. Одан әрі клуб өз жұмысын бастап, "Атырау-Ақпарат" ЖШС директорының кеңесшісі Исатай Балмағамбетов Президент жолдауын БАҚ-да насихаттаудың жай-жапсарына тереңірек тоқталды.
Ал аудандық газеттер бойынша аға үйлестіруші Лена Нұрбаева басылымдардың өзекті мәселелеріне қатысты өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, балама жазылудың да жай- жапсары пысықталды.
Клуб төрағасы Таңатар Дәрелов газет басшыларының рөлі, өңірдегі баспасөздің шығармашылық ахуалы жөнінде айтып, алдағы уақыттағы төрағалыққа "Дендер" газетінің бас редакторы Жанай Амантурлинді ұсынды. Әріптестері аға буын өкілінің бұл тілегін бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар, Жанай Амантурлин «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі аймақтық өкілдігінің жетекшілігіне сайланды. Жиынды "Атырау-Ақпарат" ЖШС-інің директоры Ысқақ Егембердиев қорытындылап, алдағы атқарылар міндеттерді атап өтті.
Өз тілшіміз