Үкімет экономикамыздың барлық салаларын тұрақты кіріс көзіне айналдыруды көздеп отыр. Дегенмен, соның ішінде ең алдымен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруышылығы, көлік және туризм салаларының әлеуеті жоғары.
Сондықтан бұл бағыттарға басымдық беріліп отыр. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, биылғы 8 айдың қортындысы бойынша былтырмен салыстырғанда мұнай саласынан келетін түсімдер 46 пайызға азайды немесе 1,6 трлн теңгеге. Соның ішінде былтырға қарағанда мұнайды экспорттауға кеден бажының көлемі 350 млрд теңгеге кем болды. Осы орайда экономиканы тұрақтандыру бойынша Үкімет тарапынан кешенді жоспар іске асырылып жатыр. «Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, халыққа және бизнеске қосымша көмек беру бойынша тиісті қадамдар енгізілуде. Келесі жылы жалпы ішкі өнім кем дегенде 2,8 пайызға өседі деп жоспарлап отырмыз. Ал орта мерзімді перспективада экономикамыздың өрлеу қарқынын 5 пайызға жеткізуіміз керек», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, жақында ҚР Ұлттық экономика министрлігі 3 жылдағы ЖІӨ болжамын жариялаған еді. 2021-2023 жылдарға арналған үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде келесі болжамды параметрлер қолданылды.
Біріншіден, жалпы ішкі өнімнің 2021 жылы 2,8, 2022 жылы 3,7 және 2023 жылы 4,6 пайызға нақты өседі.
Екіншіден, 2021-2022 жылдары инфляция 4-6, 2023 жылы 4-5 пайызды құрайды. Үшіншіден, мұнай өндіру көлемінің 2021 жылы 86 млн тонна, 2022 жылы 89,6 млн тонна және 2023 жылы 100,8 млн тонна деңгейінде болады. Консервативті тәсілді ескере отырып, 2021-2023 жылдары мұнай бағасының бір барреліне 35 доллар деңгейінде алынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік сала бойынша бірқатар тапсырма берді.
Бұл ретте оны орындау тиісті қаржыны қажет етеді. Биылғы республикалық бюджетте тиісті қаржы қарастырылған. Мысалы, тез салынатын 13 жаңа инфекциялық ауруханаға 30 млрд теңге ескерілген. Үкімет резервінен табысы аз отбасылардың балалары үшін компьютерлік техниканы сатып алуға 70 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде 2020 жылғы бюджетті нақтылау аясында қосымшы шығыстарды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.Осы орайда медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы, дәрі-дәрмек сатып алу мен басқа да қажеттіліктер қамтылған. Алдын ала есептеулер бойынша биылға қосымша қажеттілік шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін.
«2021 жылдың бюджетінде Жолдаудағы Президент тапсырмаларын орындауға 1,6 трлн теңге қарастырылған. Бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің, мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, шағын және орта бизнестің несие бойынша пайыздық ставкасын субсидиялау, республикалық маңыздағы жолдардың құрылысы, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына, сондай-ақ басқа да бағыттарға арналған шығыстар ескерілген. Бұдан басқа тапсырмалар тұрғысында мемлекеттік органдармен шығыстар көлемі нақтыланып жатыр», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
Бұл тапсырмаларды орындау аясында шығындарды оңтайландыру қажет екені түсінікті. Сонымен қатар бюджетке қосымша түсімдер көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша жұмыстардан қамтамасыз етіледі. Айтпақшы, ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент тапсырмаларын ескере отырып, республикалық бюджетке түзетулер қашан енгізілетінін айтты.
«2020 жылдың бюджетіне тиісті түзетулерді жақын арада даярлауды жоспарлап отырмыз. Шамамен қыркүйек айының соңында және қазан айының басында Мәжіліске енгіземіз. Жолдауда қамтылған Президенттің барлық тапсырмалары биылдың бюджетінде және 2021-2023 жылдардағы үшжылдық бюджетте ескеріледі», - деді министр Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Квазимемлекеттік сектордағы өзгерістер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту мақсаты 2021 жылы шешілетінін айтқан болатын. Осы орайда мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды жеделдетуді тапсырды. Сәйкесінше, олардың санын биыл 10 пайызға, ал келесі жылы тағы 15 пайызға қысқартылады. Бұл тұрғыда ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов оңтайландыру шаралары нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер еңбекақысы қандай көлемде өсетінін айтты. Штаттың санды оңтайландыру ықшамдау мен бизнес-процестерді автоматтандырумен қатар жүреді. Сонымен қатар, бірқатар басқарушы буынды қысқарту ұсынылады. Осы орайда ынталандырушы фактор ретінде төменгі бөлімдердегі қызметшілердің еңбекақысы өсетінін жеткізді.
«Өткен жылы төменгі лауазымдардың еңбекақысы 25 пайызға артқан еді. Шататтық санды оңтайландыру арқасында орташа есеппен еңбекақыны тағы 15 пайызға арттыру мүмкіндігі болады», - деді Руслан Дәленов.
Айта кетейік, Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың сатып алулары жөніндегі заң жобасын әзірледі.
«Квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаражаты мемлекетке тиесілі, яғни оны үнемді әрі тиімді пайдалану - барлығымыздың міндетіміз. Сондықтан олардың сатып алу жүйесін мемлекеттік сатып алулар жүйесіне біріздендіріп, жақындату керек. «Осы тұрғыда Қаржы министрлігі тиісті квазимемлекеттік сектордың сатып алулары жөніндегі заң жобасын әзірледі. Қазір заң жобасы Үкіметте қаралып жатыр», - деді Қаржы министрі Е. Жамаубаев.
Министр бір-екі айда аталған құжат Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетінін айтты. Бұл заң жобасының мемлекеттік сатып алудан өзгешеліктері бар. Себебі квазимемлекеттік секторда кәсіпорындар жұмыс істейді, өнеркәсіптер бар, ол жерде қаржылық әрі банктік операциялар бар. Осы орайда мемлекеттік фукцияларға ұқсамайтын операциялар болғандықтан, заң жобасында ерекшеліктер ескерілген. Бұл заң жобасының негізгі жаңалықтарына тоқталсақ, біріншіден, квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне сатып алудың бірегей ережелерін орнату қамтылған. Екіншіден, квазимемлекеттік сектор субьектілерінің сатып алуларына қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту және оларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті орнату болады.
Үшіншіден, сатып алудың барлық рәсімдерін 100 пайыз электронды тәсілге ауыстыру (электронды шарттар, жұмыстың орындалуы жөніндегі электронды актілер, электронды шағымдану, камералды бақылау және т.б). қарастырылған.
Дереккөз: inform.kz
Сурет: ашық дереккөзден