Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Байыпты бағдар, байсалды көзқарас

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм». Осы тақырыппен жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы әдеттегіден өзгеше, ел дамуының негізгі индикаторларына әсер ететін аса маңызды мәселелерді шешу мақсатындағы тарихи құжат екендігіне ешкімнің дауы болмас.

Әсіресе, экономиканы қозғаушы күш кадрлық әлеуетті арттыруға аса мән беріліп, елге ауадай қажет атом электр станциясының маңызы жайында айтқаны қазір қоғамда қызу талқылануда. Шыны керек, АЭС құрылысына қатысты пікір екіге жарылып тұр. Десек те, оның халық үшін пайдасының салмағы басым екені ашық айтыла бастады. Сондықтан 6 қазан күні АЭС салу мәселесіне қатысты бүкілхалықтық референдум өтетіні де көңілге қонымды шешім болды. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен «Ел дамуының жаңа бағыттары» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» барысында да түрлі пікірлер айтылды.

Зиялы қауым өкілдері Жолдаудың басым бағыттарынан туындайтын негізгі міндеттерді саралап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Ғылыми тұрғыда саралау қажет

Саламат ИДРИСОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор:

– Президент Жолдауында көрсетілген негізгі тоғыз бағыт еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласын толық қамтыған. Әсіресе 6 қазанда республикалық референдум өтетіндігі анықталды. Бұған себеп болған атом электр станциясын салуға байланысты елімізде білікті эксперттер, осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар ой-пікірін білдіруде. Отандық ғалымдар мен жоғары оқу орындарының міндеті – халыққа АЭС салудың тиімділігін, оның ел экономикасы үшін маңызын нақты фактілермен түсіндіру. Әрине, референдум кезінде халық өз таңдауын жасайды. Болашақта елдің дұрыс өркендеп дамуына атом электр станциясы қажет. Оған қазірдің өзінде қызу дайындық басталып та кетті. Қоғамдық штаб құрылып, оқу орнымыздың профессор-ғалымдары да құрамына еніп, тиісті жұмыстар атқаруда. Жасыратыны жоқ, бұған қатысты пікірлер екіге жарылуда. Бірақ біздің ғалымдар АЭС салуға қатысты ғылыми сараланған жұмыстар жүргізіп, оны халыққа дұрыстап жеткізуі керек. Халық оның қаншалықты қажет екендігіне көз жеткізгені абзал. Өйткені, соңында таңдау жасап, шешім қабылдайтын – халық. Алдағы референдумның да басты мақсаты осы, халықтың таңдауына құлақ асу.

Назарбек ҚОСШИЕВ,

облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

– Биылғы Президент Жолдауының ерекшелігі – Астана қаласына әр өңірден жұртшылық өкілдерін шақырып, Жолдауды Парламент палаталарының бірлескен отырысында тікелей тыңдауға қатыстыруында. Атырау облысынан бұған үш адам қатысты, соның бірі болғандығым стратегиялық құжатта айтылған басымдықтарды жүзеге асыруда маңызды міндет жүктейді. Президенттің халыққа дәстүрлі Жолдауының негізгі мақсаты – елдегі күрделі түйіндерді жедел жүзеге асыру, сол бағытта жергілікті атқарушы органдар мен түрлі салалық құрылымдардың жұмысына бағыт-бағдар беру. Ал, Жолдаудың өз мақсатына жетіп отырғанына толық негіз бар деп айтуға болады. Оған дәлел – соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік құрылымға деген көзқарастың өзгеруі, жалпы жұмыс бағытының басқаша бағыт алуы. Әрине, кемшіліктер де жоқ емес, дегенмен өзгерістің барын жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында үнемі халықтың әлеуметтік жағдайына ден қойып отырады. Мысалы, ел азаматтарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымдарын мақсатты бағытқа жұмсауына рұқсат берілуі, Ұлттық қордың белгілі бір бөлігін балалардың есепшотына салу, зейнетақы, жалақы, шәкіртақы, басқа да әлеуметтік төлемдердің көтерілуі осы сөзімізге нақты дәлел болады. Президент көтерген маңызды мәселенің бірі – атам электр станциясын салу. Әлі де болса мәселенің мән-жайын түпкілікті білмегендіктен болар, қазір халық екіұдай пікірде. Бірақ, әлемдік тәжірибеден алып қарағанда бұл біз үшін аса қажет нәрсе. Себебі, қарапайым ғана мысал – өз тұрмысымызды алайық. Әр үйде бір көліктен бар. Ал, оған жанармай керектігі, одан ауаға таралатын зиянды қалдықтар есепке алынып жатқан жоқ. Тіпті, күнделікті тұтынатын электр жарығының қайдан келіп жатқанына аса көп бас ауыртып жатпаймыз. Мұның өзі шын мәнінде табиғатқа, қоршаған ортаға елеулі дәрежеде зардабын тигізуде. Ал, АЭС салудан қорқатын болсақ, салыстырмалы түрде жол-көлік апаттарын алып қараңыз. Жуырда ғана Батыс Қазақстан облысында бір отбасы түгелдей көлік апатынан опат болды. Біздің облыста да мұндай қаншама қайғылы оқиғалар болып жатыр. Біз ескере бермейміз, бірақ осы көлік апатының өзі АЭС-тен келер зардаппен пара-пар екен. Қазір АЭС тек біздің ел үшін емес, бүкіләлемдік мәселе. Энергия тапшылығы, жаһандық жылыну процесіне тосқауыл қоямыз десек, атом электр станциясы бізге ауадай қажет. Ал, оны қалай, қандай сапамен салу – екінші кезектегі мәселе. Сондықтан, биылғы Жолдаудың ерекшелігі – осындай халықтың көкейіндегі басты мәселелерге негізделуіне. Осы бағытта жұмыс істеу, оны халыққа түсіндіру сіз бен біздің міндетіміз деп білемін.

Әлемдік деңгейдегі мәселе

Гүлнар СҮЛЕЙМЕНОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Мемлекет басшысы осыдан 1 жыл бұрын Жолдауында жаңа экономикалық саясат туралы айтқан еді. Биылғы Жолдауда да сол саясат екінші рет айқындалып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы халыққа Жолдауында 2030 жылға қарай елде электр қуатына тапшылық туындайтынын айтқаны есімде. Ал, биыл электр энергиясын тұтыну рекордтық көрсеткішке жеткен. Ал, көрші мемлекеттерден сатып алынатын электр қуаты сапасының сын көтермейтіні де баршамызға мәлім. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту қарастырылуда. АЭС салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұрса, тағы 10 мемлекет құрылысын бастамақшы. «Оны салудың пайдасы неде?» деген сауалға жауап іздеп көрейік. Біріншіден, жыл сайын СО2 қалдықтарын шығарудың алдын алады. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғауға қосатын үлесі айтарлықтай. Мәселен, АЭС уранмен жұмыс істейтіндіктен, 1 килограмм уран – 100 тонна көмір, 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Енді ойлап көріңізші, 100 тонна көмір жаққанда қаншама түтін шығып, қоршаған орта қаншалықты ластанады?! Мұның жай-жапсарын, зиянды жағын Атырау халқы жақсы біледі деп ойлаймын. Үшіншіден, әлеуметтік жағдай жақсарып, елдің экономикасы дамиды. Оғн еш дау жоқ. Төртіншіден, тұрмыстық жағдай, әсіресе, кәсіпорындардың, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы электр қуатына байланысты болғандықтан, бизнестің дамуына да түрткі болары сөзсіз. Бесіншіден, мамандардың айтуынша, күннің жарығы мен жылуы адам баласына неғұрлым қажет болса, еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін АЭС те соғұрлым қажет. Болашақта электр жарығына тапшылық қаупі туындап тұрған жағдайда, АЭС салудан бас тартпауымыз керек. Алтыншыдан, АЭС-тің арқасында ең алдымен тасымалданатын жарықтан құтылып, отандық өнімге қол жеткіземіз. Жетіншіден, АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, әсіресе уранның қорын пайдалануға көмектеседі, ал уран өз елімізде өндіріледі. Атом энергиясын экспорттап, сатуға болады. Оны тиімді пайдалану тақырыбында инновациялық жобалар көбейіп, елдің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Тағы бір артықшылығы, атом энергиясының қуаттылығы көмір мен газдан әлдеқайда жоғары және шығаратын қалдығы аз. Алынатын энергия да экологиялық тұрғыдан ең таза әрі қауіпсіз. Бүгінде АЭС бар Франция, АҚШ, Жапония тәрізді елдер әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына жатады. Ал, станция қазір Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш, Түркия елдерінде салынып жатыр. Бұған дейін АЭС жұмыс істеп тұрған елдерде ешқашан халық тарапынан шағым болмаған және энергиямен қамтамасыз ету сапалы жолға қойылған.

«Маман дайындауды мектептен бастасақ…»

Айдар САБЫРОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті педагогика және психология кафедрасының доценті:

– Маман ретінде Президент Жолдауындағы бесінші стратегиялық бағыт біздің табиғатымызға жақындау. Өйткені мұнда Президенттің білікті маман даярлауға қатысты 10 өткір пікірі айтылған. Мемлекет басшысы біріншіден, «Экономиканы білікті мамандармен қамту – аса өзекті міндет» деп көрсеткен, екіншіден, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек, үшіншіден грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруі тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Төртіншіден, жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет, бесіншіден кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Президент осы тәріздес басқа да маңызды міндеттерді айтты. Білікті маманды дайындағанда, әрбір педагогикалық бағытқа байланысты мемлекет тарапынан да қолдау керек. Жалпы жоғары оқу орындары қандай мамандыққа қанша студент керек екенін алдын ала мониторинг жүргізіп тізбесін шығаруы қажет. Сонда біз қоғамға артық маман дайындамаған болар едік. Маман дайындаудың өркениетті елдерде белгілі деңгейде қалыптасқан қағидалары бар. Жоғары оқу орындарына тек қана үздік мектептердің түлектері қабылданады. Университетке келгенде арнайы шығармашылық бағытта өзінің қарым-қабілетін көрсететін емтихан тапсырады. Сонымен қатар, барлық дәріс және практикалық сабақтар тәжірибеге негізделіп өткізіледі. Тәжірибе қай уақытта да білікті маманға жол ашады деп есептеймін. Сол себепті, білікті маман дайындау – қазір өте өзекті мәселе.

Маман дайындауға ерекше мән беруіміз керек, оны мектеп табалдырығынан бастаған абзал. С.ИДРИСОВ:

– Әрине, Жолдаудың еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру бағыты біздің университетке де зор жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, ғылым арқылы білім беру, елімізге аса қажетті құрылыс, су, техникалық салалар бойынша дефицит мамандарды даярлау қажет. Елдегі белді деген жоғары оқу орындары жанынан әлемге танымал 23 университет филиалдарының ашылуы да ғылым мен жоғары білім саласы әлеуетінің артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан білім беру саласында алға мақсатты қадам жасаған Қазақстанның болашақта Азия елдері арасында білімнің хабы, сенімді драйверіне айналарына сенемін. Бұл жолда біздің университет оқытушылары да жаңа оқу жылында жаңа серпінмен болашақ мамандарға сапалы білім беріп, мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға жұмылады. Біз бұған дейін де білікті кадр дайындауға атсалысып, студенттердің жан-жақты болуына барлық мүмкіндікті жасап келеміз.

Еңбек нарығы зерттелуі тиіс Н.ҚОСШИЕВ:

– Биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауда халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін көптеген мәселелерді жүзеге асыру жөнінде тапсырма берілді. Әсіресе, білім беру саласындағы жұмыстарды жүйелеу, орта буын және техникалық кәсіби мамандарды дайындау үшін қажетті талаптарға назар аударған Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы өте орынды деп есептеймін. Өйткені, қазір Қазақстанда жыл сайын мектеп бітірген жастардың барлығы жоғары оқу орнына түсуге құмар. Ал, халықтың сұранысын өтеу үшін техник-механик, құрылыс мамандары, дәнекерлеуші тәрізді орта буын қызметтерді кім жасамақшы?! Сондықтан, кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері әуелі еңбек нарығын зерделеуі керек. Қандай маман сұранысқа ие екендігін анықтап алуы тиіс. Мәселен, қазір қарапайым ғана қызмет көрсету мамандары мен дәнекерлеушілер жетіспей жатыр.

Мамандық таңдау барысында ата-аналар да осыны ескергені жөн.

Айгүл ЕЛЕУОВА, филология ғылымдарының кандидаты:

– Жаңа Қазақстан қандай болады? Не жаңарады? Міне, осындай көкейдегі көп сауалдың жауабын Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың Жолдауынан табамыз. Жолдау аясында жоғары білім беру саласында нақты жүзеге асырылуға тиісті шаралар бар. Біріншіден, біз ғылымды жаңа арнада жаңа әлеуетпен құра білуіміз керек. Екіншіден, қажетті мамандарды әлемдік ғылыми мамандармен ықпалдастыру арқылы елдің ғылыми әлеуетін көтеру қажет. Үшіншіден, жалпы ғылымның негізгі әлеуетті бағытын көтеруді гранттар мен басқа да қаржы көздері арқылы жаңа деңгейге шығарған жөн. Осы ретте, елімізде өз филиалдарын ашқан шетелдік ЖОО жұмысын біріздендіруге ерекше мән беріліп отыр. Яғни, оқу бағдарламаларының халықаралық стандарттарын, оқыту технологиясын және студенттердің білімі мен біліктілігін бағалау тетіктерін трансферлеу қарастырылады. Әлемдік рейтингте өз орнын тапқан жоғары және орта арнаулы кәсіптік оқу орындарында жылдар бойы технологиялық, цифрлық, заманауи дамуларды іске асыратын білім бағдарламалары бар. Біз жылдар бойы осы тәжірибені қалыптастырғаннан гөрі өзімізде сондай маман қалыптастырсақ, ол мамандар сондай технологиялық өзгеріске зор септігін тигізер еді. Кезек күттірмейтін мәселенің бірі – отандық ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Осы мақсатта келер жылдың 1 сәуіріне дейін ЖОО білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылып, бағалау межелері халықаралық тәжірибеге негізделеді. Бағалау нәтижесі бойынша ЖОО жоғары, орташа және мақсатты лигаларға жіктелетін болады. Жастардың бүгінгі талабы, ізденісі көңіл тойдырады. Сондай-ақ орта және аға буынның тәжірибесін де ескеру керек. Осының бәрін ұштастыра білсек, жақсы нәтижеге жетеміз деп ойлаймын.

Орта тап неге «осал»?

Айдын ЛҰҚПАНОВ, әлеуметтанушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі:

– Жолдауда экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керектігі, яғни, әрбір шешім мен жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет деген идея айтылды. Әлеуметтік теңсіздікті бәсеңдету дегеніміз – өте бай және өте кедей таптың арасын жақындату. Оны іске асырсақ, қоғамда наразылық пен әлеуметтік қақтығыстар азаяды. Ол тек орта тапты қалыптастыруға байланысты. Орта таптың қалыптасуы – өзектілікке және жоғары маңызға ие. Егемендік алған 33 жылда біздегі жауапты ведомстволар «орта тап» ұғымына әлі анықтама берген жоқ және оны анықтайтын критерийлер де белгіленбеді. Осы орайда «қоғамның орта қабаттары» деген ұғымды алғаш рет ежелгі грек философы Аристотель қолданған. Ол сондай-ақ бүгінгі күнге дейін өмір сүріп келе жатқан идеяны білдірді: қоғамның бұл орта бөлігі неғұрлым көп болса, қоғамның өзі соғұрлым тұрақты болады. Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету өте маңызды міндет екенін Президент атап айтты. Сондықтан, мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр.

«Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиард теңгеден астам қаржы аударылды. Десек те, қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау керек. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алып отыр. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, мемлекет басшысы Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл өте орынды қадам. Әрине, Президент Жолдауында халықтың мұң-мұқтажы мен орынды талабын іске асыру үшін маңызды басымдықтар айтылды. Шынында, бұл елдің ілгерілеуі үшін қажетті шара. Мұндай тәжірибе Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті Америка Құрама Штаттарының өзінде орнықты қалыптасқан. Осы арқылы алдағы міндеттер айқындалып, нормативтік-құқықтық аспектілер айқындалады. Бастысы, халық тұрмысының жақсаруы жолында батыл шешімдер қабылданатыны қуантады. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар Президент Жолдауынан туындайтын міндет-мақсатты тек тиісті органдарға артып салмай, халықтың өзі де атсалысуы қажеттігін атап көрсетті.

Жазып алған

Мәлике ҚУАНЫШЕВА,

Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521