Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді» деген болатын.
Бүгінде заң және тәртіп акциясы аясында әр адамның құқығын қорғау мақсатында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.
Осы орайда Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінде ата-аналардың, аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Асылан Түсіпқалиев, жергілікті полиция қызметі бөлімі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Асан Сайын, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Бекарыс Жолдығали, қорғаншылық кеңесінің төрағасы Октябр Нұрадинов, ата-аналар комитенің төрайымы Роза Әбілхановалардың қатысуымен «Тәрбиелі тұлға тәртіптің құлы» атты балаларды тиісінше тәрбиелемегені үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін белгіленген жауапкершілік туралы білім алушылар мен ата-аналарының қатысуымен құқықтық түсіндіру жиыны өткізілді.
Алдымен сөз алған мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шырынгүл Бақтығұлқызы күн тәртібімен таныстырып, мектеп оқушыларының сабаққа келмеуі, көптеген оқушы себепсіз сабақтан қалып отырғандықтан құзырлы органдардан көмек сұрайтынын жеткізді.
– Аудан көлемінде қоғамдық орындарда, көшелерде қылмысты болдырмау, олардың алдын алу мақсатында республика, облыстық «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс», «Жасөспірім», «Профилактикалық бақылау», «Жанұя және бала», «Түнгі қаладағы балалар», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» жедел алдын алу іс-шараралы ұйымдастырылды. Ауданда 15 орта, 3 бастауыш мектепте 6273 оқушы білім алуда. Жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі жиі кездеседі. Сонымен қатар оқушылардың да сабаққа себепсіз келмеуі алаңдататын мәселе. Мектеп жасындағы бала мектепте білім алуы қажет. Ата-аналармен сөйлескенде жиі еститініміз: "Бала тыңдамайды, таңертең оятсақ тұрмайды" дейді. Балаға ата-ана тәрбиесі өте қажет. Қазірден бастап бала тәрбиесін қолға алған жөн. 11 ай ішінде заңды өкілсіз түнгі 23.00-ден кейін көшеде жүрген 543 жасөспірім жедел түрде үйлеріне жеткізіліп, ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілді. Соңғы кезде мотокөлік және автокөлік жүргізген оқушылар да көбейді. 7 жасөспірім анықталып, ата-аналарына айппұл салынды. Сонымен қатар, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары да мәз емес. Қоғамның үлкен кеселене айналған отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайлары ішімдік әсерінен орын алып отыр. Осы ішімдіктің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды. Ерлі-зайыптылар арасында агрессивті қарым-қатынас орнап, соңы қол көтеру мен денсаулыққа зиян келтіруде. Күйеуінен қысым көрген әйелдер қорғану мақсатында тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Өйткені ашу үстінде орын алатын жағдайлардың кесірі балаға тиіп кете ме деп қорқады. Нәтижесінде ұрыстан көз ашпайтын отбасында қорқақ, өз ойын ашық жеткізе алмайтын, әке мен ананың мейіріміне зәру, әлсіз бала өседі. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінен үнемі жәбір көріп, отбасылық өмірді қайта жалғастыруға құлқы болмай, алайда баратын, паналайтын жері болмаған жәбірленуші азаматшаларға өз өмірі мен денсаулығын сақтап қалу мақсатында полиция органдарына хабарласу арқылы «Дағдарыс» орталығына орналасуға болатынын айта кетейін. Жақында ғана Миялы ауылынан «Дағдарыс» орталығы ашылды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамайық ата-аналар, - деді аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Асылан Түсіпқалиев.
Жиын соңында ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты өз ойларымен бөлісті. Тәрбие – баламен сөйлесу, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие-тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсете білуінде. Әр бала – тұлға екенін естен шығармайық!
Кәмшат ӘБІШ
Қызылқоға