Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ

 «Арман» мәдениет үйінде «Ата-ананың тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы» атты облыстық конференция болып өтті. Конференцияға қатысушылар алдымен мәдениет үйінің фоесінде өткізілген ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен қолөнершілер көрмесін тамашалап, негізгі шараны көру үшін төрт жүз орындық үлкен залға қадам басты.

Сахна шымылдығын «Арман» мәдениет үйінің қызметкерлерінің «Әке-Ана» композициялық биімен ашылды.  Бұдан соң  сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов шараның мәні мен маңызына тоқталды.  Одан әрі сөз сөйлеген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, білім саласының ардагері Өтеуғали Дүйсәлі:

   «Қазіргі заманда әкенің тәрбиедегі рөлін қайта жаңғырту – ұлт болашағы үшін өте маңызды. Әкенің беделі тек сыртқы қатал бейнемен емес, оның ішкі мәдениетімен, отбасына деген жауапкершілігімен, балаға берген рухани мұрасымен өлшенеді. Егер әке өз перзентінің жан дүниесіне бойлай алса, оның арманы мен уайымына серік бола алса – міне, нағыз тәрбие сол.» деген пікірін білдірсе, «Шапағат» орталығының теологы Сұлтангелді Сариев  діни тұрғыда отбасылық құндылықтарды сақтау жөнінде тың ойларымен бөлісті.

   Ал, конференция жұмысына арнайы қатысқан  облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзагүл Жалмурзина мен Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық Орталықтың Атырау облысы бойынша өкілдіктің қызметкерлері мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан отбасы саясаты, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі туралы мазмұнды баяндама жасаса,  аудандық мәслихат төрағасы, Қызылқоға ауданы бойынша Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Толқын Ермекқызы әйел-аналардың қоғамдағы орны мен тәрбиедегі рөлі, Тасшағыл орта мектебінің жоғары санатты мұғалімі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Айгүл Мирамқызы ұлттық тәрбие мен ана тілінің тәрбиедегі маңыздылығы хақында парасатты ойларын ортаға салды.  Шара соңында  аудан әкімі Қанат Әзмұханов отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыруға қосқан үлестері үшін бір топ ананы марапаттап, Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Дарын Шамұратовтың Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етті.

    Айта кету керек, жас ұрпақ үшін өнегесі мол облыстық конференцияның өз мәнінде өтуіне зор үлес қосқан Миялы ауылдық аналар кеңесінің төрағасы, модератор Анар Арыстанғалиеваның еңбегі зор.

   Сайып келгенде, бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Отбасында бүлдіршіндер мен жеткіншектердің интернетке тәуелділігі белең алып, спорт пен шығармашылықты дамытуға бағытталатын алтын уақыт зая кетуде. Бұл барша ата-ананың басты уайымына айналып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, бала тәрбиесіне енжарлық танытпай  басты назарда ұстансақ ғана ұтарымыз көп.

Кәмшат ӘБІШ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT