Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып белгіленгеніне бес жыл болды.
Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіріп келеді. Даласы қандай кең болса, мінезі де сондай дарқан қазақ жері өзге де ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналды. Менің атам Виктор Алексеев пен әжем Лидия Владимировна өткен ғасырдың елуінші жылдары жұмыс бабымен Ресей елінен келіп Миялыға қоныстанды. Өзім атамды көргенім жоқ. Бізді әжеміз тәрбиелеп, өсірді. Әжемнің айтуынша, атам энергетика саласының маманы. Қызылқоғаға келген соң ауданды электрлендіру жұмысына белсене араласып, кейіннен коммуналды шаруашылық мекемесінде электрик болып еңбек етіпті.
Ал, әжем аудан орталығындағы қонақ үйде ұзақ жыл вахтер болып жұмыс жасады. Көптеген жандармен достасып, араласып кетеді. Әсіресе әріптесі Жұмаш әжемізбен қатты достасып, отбасымызбен араластық. Өз басым Ақтөбе қаласына көшіп келгенде Жұмаш әже мен ұл-қыздарының қамқорлығын көрдім. Оларға мың алғыс. Әкем Виталий де Миялыда дүниеге келіп, қазіргі Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте білім алды. Қатарларының дені Шеркеш руынан болғандықтан ба, әзілмен руын сұраған жандарға «Шеркештің Қаракемпірімін» деп жүретін. Өзім де Б.Аманшин атындағы орта мектебінде оқып, қадірменді ұстаздарымнан білім алдым. Сыныптас-құрдастарыммен әлі хабарласып тұрамын. Бүгінде елімізде жүз отыздан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқаны аян. Бұл татулық қазақ халқының арқасы. Сондықтан, өзге ұлт өкілдері секілді менің де қазақ халқына алғысым зор.
Әсіресе, осы мүмкіндікті пайдаланып, өзімнің кіндік қаным тамған қасиетті Қызылқоға халқына алғыс айтамын.
Виктор АЛЕКСЕЕВ,
Ақтөбе қаласы