Қаракөл ауылындағы қарапайым қазақ отбасына келін болып түскеніме сегіз жыл болды.
Атырау қаласындағы «Химпоселок» шағын ауданында дүниеге келдім. 9-сыныпты бітіргеннен кейін №1 лицейде оқып, есепші мамандығын алдым. Алайда, мамандығыма орай жұмыс табылмаған соң теміржол саласына жұмысқа орналастым. Әкем Владимир орыс ұлтынан болса, анам Любовь неміс ұлтынан. Менің білуімше арғы ата-бабам күнкөріс қамымен Ресей елінен келген. Ес білгелі біз тұратын шағын ауданда көршілеріміздің басым бөлігі қазақ отбасылары еді. Солардың балаларымен ойнап, өскендіктен қазақ тілі мен үшін үйреншікті тіл болды.
Орыс мектебінде оқығанмен қазақ тілінен жақсы оқыдым. Дәм бұйыртып Қызылқоға жеріне келін болып келгенімде жаңа отбасымен тез тіл табысып, араласып кеттім. Жаңа орта таптым. Қазір қарапайым қазақ келінімін, үш баланың анасымын. Жолдасым тоғыз ағайынды. Қазақтың ұлттық тағамдары бешбармақ асу, қуырдақ қуыру, құрт қайнату, бауырсақ, шелпек, таба нан пісіру және айран ұйытып, қазы айналдыруды үйрендім. Мал сойғанда ішек-қарын аршу қазір әдеттегі жұмыс болып қалды. Қалада өскендіктен мұның барлығы маған таңсық болатын. Келін болып түскенде өзге ұлт деп жатырқамай барлығын үйреткен енеме, абысын-ажындарым мен көршілеріме, құрбы-құрдастарыма мереке қарсаңында алғыс айтамын. Қашанда түтіндерің түзу ұшып, берекелі болыңдар. Қонақжайлылықтарыңыздан арылмаңыздар деймін.
Елена АҚСҰЛТАНОВА,
Қаракөл ауылы