Құрметті жерлестер!
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы №306 Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін заңнамада белгіленген тәртіппен Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан Республикасының азаматтарына тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген, жүргізу органдары сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу тапсырылған болатын.
Атырау облысы республиканың басқа өңірлері арасында армияндық автокөліктер иелері саны бойынша көшбасшы өңірлердің бірі екендігі мәлім.
Осы тұста, тіркеу процедураларының ағымдағы жылдың 01 қыркүйегіне дейін жүргізілетінін ескере отырып, Армениядан әкелінген автокөліктерді уақытылы тіркеуді жүзеге асырмаған азаматтарға қатысты өз алаңдаушылығымды білдіремін.
Бұл бағытта, өңірімізде уәкілетті органдар тарапынан көлік иелері арасында ақпараттық насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, Қазіргі уақытта Атырау облысының Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында 15 оператор Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу үшін күніне орта есеппен 150 өтінімді қабылдап отыр (жұмыс режимі: дүйсенбі мен сенбі аралығында сағат 09.00- 20.00-ге дейін, үзіліссіз).
Сонымен қатар, қызметтерді ұсынудың қолжетімділігін арттыру үшін қосымша шара ретінде жексенбі күні сағат 09.00-15.00 аралығында армияндық автокөліктерді тіркеуге өтінімдер қабылдануда.
Бұл ретте, уәкілетті органның ұсынған мәліметіне сәйкес, Атырау облысында ағымдағы жылдың 01 маусымы мен күні бүгінге дейінгі аралықта 3000 астам армияндық көлік мемлекеттік тіркеуден өткізілген.
Осыған қарамастан, өңірімізде осы күнге дейін армияндық автокөлігін түрлі себептерге байланысты тіркеуді кейінге қалдырып жүрген азаматтар қатары да аз емес.
Осыған байланысты, осы азаматтарды көліктерін Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, уақытылы тіркеуден өткізуге шақырамын.
Аталған орталықтың мекен-жайы: Атырау қ., Солтүстік Өндірістік аймақ, 69.