АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 91 отбасы 2025 жылды жаңа қоныста қарсы алатын болды. Оларға жаңа пәтер берілді.
Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің мәліметінше, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 550-ге жуық адам жаңа баспанаға ие болған.
– Жаңа жыл – әр отбасы, әр адам үшін үміт пен қуаныштың бастауы болатын ерекше мереке. Енді міне, осы мереке қарсаңында 91 отбасына жаңа пәтер беріліп отыр. Жаңа қонысқа көшкендердің арасында әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандар бар. Ата-ана қамқорлығынан тыс қалған жастарға да пәтер берілді. Жергілікті әкімдік осындай санаттағы тұрғындардың тұрмысын жақсартуды жалғастыра береді, - дейді Шәкір Кейкин.
Әкімнің дерегіне қарағанда, жаңа баспана «Аягөз» және «Латифа» тұрғын үй кешенінен берілген. Екі және үш бөлмелі пәтерлер барлық заманауи талапқа сай салынған.
Жаңа пәтерге ие болған тұрғынның бірі – Эльмира Садықова. Оның күйеуі мүмкіндігі шектеулілер санатындағы І-топ мүгедегі.
– Біз бұл баспананы көп жыл күттік. Тұрғын үй кезегінде 10 жылдан бері тұрсақ та, үмітімізді үзбеген едік. Міне, жаңа жыл қарсаңында сол үмітіміз ақталып, баспанаға қол жеткіздік. Бәріміз де қуанып тұрмыз, - дейді Эльмира Садықова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Тәуелсіздік күні қарсаңында 73 отбасына жаңа баспана берілгенін жазған едік.