Бұл туралы брифинг барысында облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зайнолла Маненов айтты, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде облыс аумағында көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Құрылыс саласының басты бағыттарының бірі – әлеуметтік, яғни, денсаулық сақтау және білім беру нысандар құрылысы қарқынды жүруде. Өткен жылы бюджет қаражаты есебінен 27, ал, демеушілік арқылы 13 нысан пайдалануға берілген.
– Білім саласы бойынша айтсақ, 1130 орындық төрт балабақша (Мұрагер ықшамауданында 280, Берекеде 280, Ақкөлде 290, Доссорда 280 орындық), Рембаза ауылында 300 орындық мектеп, Құлсары қаласында кітапхана, Нұрсая мөлтекауданында оқушылар және жастар сарайы, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясына 250 орындық жапсаржай, 860 орындық жеті жатақхана (индустриалды, көлік және коммуникация, политехникалық, энергетика және құрылыс, Индер көпбейінді ауылшаруашылық, Құлсары мұнай және газ колледждері) ел игіліне берілді, - деді спикер.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында 11, мәдениет саласы бойынша үш (Түркістан қаласындағы Ұлы Дала орталығы, Ақжар және Еркінқала селосында әрқайысысы 200 орындық мәдениет үйі) нысан пайдалануға берілген.
Ал, Атырау қаласында Тутұғыр тұрғызылып, Бейбарыс даңғылынан жастар саябағына дейінгі жағалау мен Құрсай өзені абаттандырылған және Жастар саябағы мен әкімшілік ғимараттар салынып отыр. Алғабас-Жорық каналы қайта жаңғыртылды.
Мақат поселкесінде өнімділігі тәулігіне 3000 кубометр кәрізді тазарткыш ғимараты пайдалануға берілді.
Сурет: ашық дереккөзден