Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда донор, құтқарушы, жиһанкез отбасы тұрады

«Дәулет есіктен – ақыл бесіктен», – демекші, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Ұрпақтарының тәрбиелі, көрегенді, қайырымды болуы үшін өздері үлгі болып жүрген асқар тау әке, ақ жаулықты аналар көп. Сондай татулығы жарасқан  «Мерейлі отбасы» 2023 жылғы байқауының жеңімпазы, үлгілі отбасының бірі – Бекеновтер отбасы. Бұл отбасының үлкен ұлы Серік Бекен елге қызмет етіп, қоғамға пайда тигізу – әр адамның азаматтық міндеті деп санайды.

«Отбасында мен және екі бауырым үшеуміз өрт сөндіру саласында жұмыс жасап жатырмыз. Бір мамандықта тапжылмай жұмыс жасағаныма 40 жыл уақыт болды. Өрт сөндіруші оңай мамандық емес, өрттің тілін тауып, жалын ортасында адамды құтқару үшін ерлік жасайды» дейді Серік Бекен. 

Серік Бекеннің 2 ұлы, 1 қызы бар. 5 немеренің атасы Атырау облыстық қан орталығының 30 жылдан бергі тұрақты доноры. Тұңғышы дүниеге келерде жолдасы көп қан жоғалтып, алғаш рет жұбайына донор болып, кейін бұл игі істі ары қарай жалғастыруды ойлайды. Ойын жүзеге асырып, бүгінде жылына 3-4 рет қан тапсырып, өзгелердің өміріне араша болуды азаматтық борышым деп есептейді.

«Қан тапсыра отырып, біреудің өмірін аман алып қалсам деп ойлаймын. Маған еріп, артымдағы екі інім де жылда келіп қан тапсырып тұрады. Қоғамға осылай пайдамызды тигізіп, мемлекет тарапынан марапатталып жүрміз»,  дейді Серік Бекен.

Бұдан бөлек Бекеновтар отбасы қайырымдылық жасауды да дәстүрге айналдырған. Қолдан келгенше жыл сайын жағдайы төмен отбасыларды тамақпен қамтамасыз етіп, материалдық жағдаймен көмектесіп тұрады. 

Сондай-ақ, күйбең тірлік пен тығыз уақытқа қарамастан бұл отбасы жылына 3-4 рет еліміздің әсем қалалары мен шет мемлекеттерге саяхаттап тұрады. Ел аралап, әр елдің мәдениетімен танысып жүрген отбасы мүшелері бүгінде бақытты да баянды ғұмыр кешуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT