2024 жылы Қызылқоға ауданына қарасты Қоңыраулы, Аққора және Махамбет ауданындағы Бала Ораз, Есмахан, Көздіқара және Атамбаев ауылдарына ауыз су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 600-ден астам тұрғын тіршілік нәрімен қамтылды. Бүгінде өңірдегі 155 елді мекеннің 146-сына ауыз су жеткен.Бұл туралы Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков айтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс аумағында 67 су тазарту ғимараты жұмыс істейді. Тұтынушылар санының артуына байланысты олардың қуатын арттыру мақсатында жергілікті атқарушы орган жаңғырту жұмысын қолға алды. Өткен жылы Махамбет және Исатай аудандарындағы 16 су тазарту ғимараты жаңғыртылса, биыл бұл жұмысты Құрманғазы, Махамбет және Индердегі 14 нысанда жалғастыру үшін жобалық-сметалық құжат жасақталып жатыр.
- Атырау қаласында да тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамту үшін бірқатар жұмыс қолға алынды. Биыл №5 сүзгі стансасын қайта жаңғырту жұмысын аяқтаймыз. №1 қалқымалы су сорғы станциясын салу жобасы бойынша мердігер мекеме анықталып, құрылысы басталды. №6 сүзгі станциясын салу бойынша жасалған жоба сараптамада. Құрылыс жұмыстарын бірінші жартыжылдықта бастауды көздеп отырмыз. Талқайран және Еркінқала ауылдарына су тазарту ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталуда. Бұл жобалар облыс орталығы мен Мақат ауданының тұрғындарын қажеттіліктеріне байланысты тіршілік нәрімен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Айдулат Кенжебеков.
Айдулат Кенжебековтың айтуынша, сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Атырау облысы су арнасы мекемесінде электролиздік су сүзгі қондырғысы іске қосылды. Нәтижесінде станцияда суды тазарту үшін хлордың орнына гипохлорит қосындысы пайдаланылады. Бұдан басқа өткен жылы қалада су құбырын ауыстыру жұмысы қолға алынды. Бүгінде 25 шақырым су құбыры ауыстырылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Жалпы үш кезеңнен тұратын жоба 72,5 шақырымды құрайды. Су шығынын болдырмау мақсатында автоматтандырылған су есептегіш құралдарын орнату жұмысы басталды. Жоспар бойынша қала аумағындағы барлық ықшамауданға, көпқабатты үйлерге 1400-ден аса есептегіш қондырылады. Нәтижесінде тұтыну туралы көрсеткіш диспетчерлік орталыққа онлайн форматта дер кезінде түсіп тұрады.