Атырау облысы әкімдігі мен «КаР-Тел» ЖШС аймақта байланыс пен интернетті дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «КаР-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадинді қабылдады, - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қос тарап бірлесе атқарылатын жұмыстың жәй-жапсарын талқылап, аймақтың телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттары туралы ақылдасты. “КаР-Тел” ЖШС-гінің атқарушы директоры Евгений Настрадин компанияның жасаған жұмыстары мен алдағы жоспарын айтты. Былтыр компания 306 базалық бекет тұрғызып, модернизациядан өткізген, 15 дабылсыз аумақта байланыс реттелген. 2025-2026 жылдары қосарлы қызмет атқаратын тіректер орнатылып, “ақтаңдақтарды” жоюға күш салынады. Дәлірек айтқанда, 90 аумақта байланыс реттеледі. Бұдан бөлек, “КаР-Тел” компаниясы өңір тұрғандарының жоғары жылдамдықтағы интернетке үздіксіз қосылуын қамтамасыз ете отырып, үй интернеті желісін белсенді дамытуға ниетті. Аймақ басшысы ғаламтордың өмірдің ажырамас бөлшегіне айналғанын, ал оған қолжетімділік өлкенің дамуында маңызды роль ойнайтынын айтты.
Облыс әкімі байланыс сапасын арттырып, қамту аумағын кеңейтуге бағытталған жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында Атырау облысы әкімдігі мен «КаР-Тел» ЖШС-гі арасында аймақта байланыс пен интернетті дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тараптардың өңірдегі, әсіресе ауыл-аймақтағы байланысты жандандырып, интернетті қолжетімді ету мақсатындағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытудағы келісімін бекітеді.