Су тасқынына жедел ден қою үшін 37 мыңнан астам адамнан тұратын күштер мен құралдар тобы құрылды, олардың құрамына ТЖМ, ІІМ, Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы органдар кірді. Сонымен қатар 12 мыңнан астам техника, 4 096 су айдау және 640 жүзу құралы жұмылдырылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ТЖМ ТЖ алдын алу комитеті төрағасының м. а. Әсет Жылқайдаров мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, зардап шеккендерді қабылдаудың 3,5 мыңнан астам пункті дайындалды, броньнан шығарылған жағдайда тіршілікті қамтамасыз ету құралдары мен мемлекеттік медициналық резерв техникасы анықталды. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері жоғары дайындыққа келтірілді, жедел кезекшілікте құтқару авиациясы бар.
«Сондай-ақ командалық-штабтық машиналар базасында нақты уақыт режимінде ықтимал төтенше жағдайлар аймақтарынан ақпарат беру үшін жедел басқару топтары құрылды. Қосымша күштер мен құралдар резерві дайындалды. 10 ақпанда мемлекеттік органдардың мамандарын тарта отырып, су тасқынына қарсы жедел штаб тәулік бойғы жұмысын бастады. Осыған ұқсас штабтар өңірлерде жұмыс істейді. Оңтүстік және батыс өңірлердің су тасқыны қауіпті учаскелерінде қалыптасқан жағдай туралы ақпаратты беріп отыратын тәулік бойы жұмыс істейтін бекеттер қойылды. Қазгидрометтің алдын ала болжамын ескере отырып, 9 өңірде жоғары су басу қаупі күтілуде», – деді Әсет Жылқайдаров.
ТЖ алдын алу комитеті басшысының м.а. Әсет Жылқайдаровтың айтуынша, жедел жағдайға байланысты қауіпті аймақтарға күштер мен құралдар жіберіледі, халықты эвакуациялау, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіледі.