Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Атырау облысында балабақшаларға кезекте 17 438 бала тіркелген. Аймақта төрт апаттық мектеп, сондай-ақ үш ауысымдық он бір мектеп бар. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі және мектептегі білім беру саласындағы проблемалық мәселелерді жою бойынша жоспарлы және жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.Нақты елді мекенде демографиялық өсуді (мектеп жасына дейінгі балалардың болуын) ескере отырып, жалпы саны 4 140 балаға арналған 17 балабақша құрылысы жүргізілуде.
Бұл Атырау қаласы мен қала маңындағы 13 балабақша (3540 орын) және аудандардағы төрт балабақша (600 орын). Биыл жазда тоғыз балабақша пайдалануға беріледі, тағы жеті балабақша 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бір балабақша бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Биыл өңір бойынша жалпы саны 13 540 оқушыға арналған тоғыз мектептің – Атырау мен қала маңындағы бес мектептің (10 400 орын) және аудандардағы төрт мектептің (3140 орын) құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы алғанда, бес мектептің құрылысына жергілікті бюджеттен қаражат тартылады, екі мектеп үшін – жеке инвесторлардың қаржысы, ал екі мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынады.
Атырау облысы бойынша жалпы саны 21 600 оқушыға арналған 16 мектептің құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде екі мектепке жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, қалған 14 мектептің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Сондай-ақ, 2024 жылы тапсыру жоспарланып отырған тоғыз мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатынын атап өткен жөн, қазіргі уақытта шарт жасасу рәсімі жүріп жатыр, осы жоба бойынша 9 мектептің құрылысы биыл жазда басталады.