Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Кәсібилік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі – Мейірман Құсайын

- Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Шынында да, қызметке адалдық пен адам өміріне деген жауапкершілік – кез келген маман үшін басты қағида. Осындай ұстанымды берік ұстанып, өз ісіне шынайы жанашырлықпен қарайтын жас мамандардың бірі – Мейірман Құсайын Лесұлы. 

Мейірман 2004 жылы 2 мамырда Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Ортақшыл ауылында дүниеге келген. 2024 жылы Атырау қалалық медициналық колледжін «фельдшер» мамандығы бойынша тәмамдап, қазіргі уақытта Атырау қаласындағы №5 қалалық емханада учаскелік фельдшер лауазымында қызмет атқарады.
Қызметіне бір жылға жуық уақыт болған жас маман осы қысқа мерзім ішінде кәсібилігімен, батылдығымен және адам тағдырына бейжай қарамайтын жауапкершілігімен көзге түсіп үлгерді. Ол медицина қызметкері үшін ең бастысы тек дене саулығын сақтау емес, сонымен қатар әрбір адамның психологиялық жағдайын түсіне білу екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді.

Осындай жанқиярлықтың жарқын көрінісі 18 желтоқсан күні Атырау қаласындағы Алиев көпірінде орын алды. Жұмыстан қайтып бара жатқан сәтінде Мейірман көпір үстінде белгісіз бір азаматтың көпірден секірмекші болғанын байқайды. Ол бір сәтке де кідірместен 45 жастағы ер адамға жақындап, сабыр сақтай отырып әңгіме бастайды.
Кәсіби білімі мен адами қасиеттерін ұштастыра отырып, ол азаматқа психологиялық қолдау көрсетіп, сөзбен демеу береді. Сонымен қатар дереу 102 және 103 қызметтеріне хабарласып, тиісті қызметтердің жедел жетуіне ықпал етеді. Мейірманның айтуынша, көмек келгенге дейін шамамен алты минут бойы ол азаматты жалғыз қалдырмай, өмірге деген сенімін жоғалтпауына бар күшін салған.
Хабарлама бойынша оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері ер адамды қауіпсіз жерге шығарады. Осылайша, Мейірман Құсайын өз кәсібилігі мен батылдығының арқасында бір адамның өміріне араша түсіп, медицина қызметкеріне тән биік адамгершілік пен жауапкершілікті ісімен дәлелдеді.

-    Тек қызмет барысында ғана емес, күнделікті өмірде де адам өмірі басты құндылық. Алдағы уақытта да өз білімім мен біліктілігімді жетілдіре отырып, ел денсаулығын нығайтуға бар күш-жігерімді жұмсауды мақсат етемін,-дейді Мейірман Құсайын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT