Бүгін 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы үздік журналистік жұмыс» байқауы қорытындыланып, марапаттар табысталды.
Байқауға қатысу үшін 12 өтінім түсіп, 5 номинация бойынша үздіктер анықталды. Атап айтсақ, «Үздік журналист-сарапшы» номинациясын Рита Өтеуғали «Спорттағы салғырттық пен салақтық» мақаласымен, «Үздік шолушы» атағын Амандық Абдол «Атырауда жемқорлық азайып келе ме?..» шолу материалымен және «Үздік радиорепортаж» номинациясын Райхан Мухитанова «Бір дерек». «Жемқорлық қайдан басталады?» бағдарламасымен иеленді. Ал Жұлдыз Тлеухан «Мұқыр ауылында мәдениет үйінің құрылысы сегіз жылдан бері аяқталмай келеді» телесюжеті үшін «Үздік телесюжет», Айнагүл Шакупова «Парақорлықты парасаттылық тоқтатады» жарияланымы арқылы «Үздік жарияланым» номинациясына ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен 300 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы табысталып, барлық қатысушыға Алғыс хат табысталды. Аталған байқау алдағы жылы да өз жалғасын табады. Сондай-ақ, келер жылы Қазақ журналистикасының негізін салушы, профессор Тауман Амандосов сыйлығы иегерлерін анықтау үшін байқау ұйымдастыру жоспарлануда.



