Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Индер ауданына қатысты 2025 жылдың екінші жартыжылдығында жүргізілген камералдық бақылаудың қорытындысын жариялады.
Тексеру 2025 жылғы 1 шілде мен 30 қараша аралығын қамтыған. Аталған кезеңде мемлекеттік сатып алу ережелерінің сақталмауына байланысты жалпы сомасы 914,8 млн теңгені құрайтын заңбұзушылықтарды жою жөнінде 130 хабарлама жолданған. Бұл дерек бюджет қаражатын игеру барысында жүйелі кемшіліктердің бар екенін аңғартады. Аудит қорытындысына сәйкес, ереже бұзушылықтардың басым бөлігі баға ұсыныстарын сұрату (БҰС) тәсілімен өткізілген сатып алуларда тіркелген. Бұл тәсіл бойынша 96 хабарлама жолданып, бұзушылықтардың қаржылық көлемі 646,9 млн теңгеге жеткен. Аталған сома жалпы анықталған заңбұзушылықтардың 70,72 пайызын құрайды. Сондай-ақ, бір көзден алу (шартты тікелей жасасу) тәсілімен жүргізілген сатып алуларда 20 хабарлама тіркеліп, бұзушылықтар сомасы 216,2 млн теңгені құраған. Қосымша келісімдерге қатысты 10 хабарлама жолданып, олардың қаржылық көлемі 33,5 млн теңге болған.
Ал конкурстар мен аукциондар арқылы жүзеге асырылған сатып алуларда бірнеше заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша 3 бұзушылық тіркеліп, олардың сомасы 10,7 млн теңгеге, ал екінші бағыт бойынша 1 бұзушылық анықталып, 7,3 млн теңгеге бағаланған. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықталған заңбұзушылықтарды жою, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Өз тілшіміз



