Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЛАЯҚТЫҚ ФАКТІЛЕР КӨП

Аудандық сотта журналистердің қатысуымен брифинг болды. Алдымен азаматтық іске тоқталған аудандық сот төрағасы Айдын Байназаровтың мәлімдеуінше, өткен жылдың тоғыз айымен салыстырғанда биыл 82 іске, яғни 52 пайызға артып отыр.

Келіп түскен істердің басым бөлігі отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы шарттық міндеттемеден туындайтын дауларды құрайды. Соның ішінде қаржылық даулар. Нақтырақ айтқанда, азаматтар тез арада несие беретін банктерден қажеттілігіне қарай несие алғанымен мерзімінде қайтара алмайды. Ал, несие беруші берген қаржысын өндіріп алу үшін сотқа шағымданады. Бұл бағытта сотта қаралған азаматтық істердің дені бітімгершілікпен аяқталды. Қылмыстық іс өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда екі іске азайып отыр. Былтыр қылмыстық іс бойынша мал ұрлығы көбірек болса, биыл алаяқтық іс-әрекеттердің көбейгені байқалады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни алаяқтық бойынша аудандық сотта бес іс қаралды. Қылмыстық жазаның мақсаты – әлеуметтік әділетті қалпына келтіру. Егер де тұлғаның іс-әрекеті сараланған бапта жеңіл және қатаң жаза тұратын болса, қылмыстық құқық бұзушылық өршіп бара жатқандықтан сот тарапы қатаң жаза қолдануды жөн көреді. Әкімшілік іс бойынша ең көп қаралып отырғаны 517-бап. Заңнаманы бұзған шетел азаматтары құқық қорғау органдары қызметкерлері жүргізген жедел профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде анықталып, соттың шешімімен елімізден шығарылды. – Соңғы жылдарда құрылған жеке және заңды тұлғалар арасындағы дауларды қарайтын әкімшілік сотқа биыл екі іс түсті. Істі қарау барысында сот екі тарапты бітімгершілікке келтіре отырып, барлық материалдық шығын орнына келтірілді. Өйткені жоғары соттың талабы істерді мүмкіндігінше бітімгершілікпен аяқтау. Қызылқоға аудандық соты облыс бойынша жеті аудандық және қалалық соттардың ішінде тоғыз айдың қорытындысы бойынша екінші орында тұр. Бұл жақсы көрсеткіш, - деді брифингті қорытындылаған аудандық соттың төрағасы Айдын Байназаров.

Шара соңында қойылған сауалдарға жауап берген сот төрағасы соттың ашықтығы мен қолжетімділігін насихаттау барысын тілге тиек етіп, сот пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды ортаға салды.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT