Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біраз мәселеге тоқталып, осы бағыттарда жасалатын жұмыстарды тиянақтады. Соның бірі – цифрландыру жұмыстарын жандандыру. Бұл бағытта біраз жетістікке жеттік, десе де цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиісті. Яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет. Цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп бара жатқандығын баса айтты.
Бұл мәселенің үлкен маңызы бар. Өйткені, қазір адамдар интернет алаяқтарға алданып, санын соғып қалуда. Осы тұста «Құқықтық сауаттылық пен жеке мәліметке сақ болу керек» деп қаншама рет айтылып жатса да салғырттық танытамыз. Алаяқтардың арбауына көбіне зейнет жасындағы адамдар түсіп қалады. Алданғандар саны күннен-күнге көбеюде.
Мемлекет басшысының «Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Рас, мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да ведомстволар күш-жігер біріктіруі керек. Ішкі істер министрлігіне осы сипаттағы қылмыстарды әшкерелеуге көмектескен жөн. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек» деген сөзінің жаны бар.
Интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластырған жөн. Сонда ғана алаяқтық азая түседі деп есептеймін.
Асхат ҚҰЛБАЕВ,
аудандық полиция бөлімінің қызметкері