Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында біраз дүниені тілге тиек етіп, мемлекеттің алдағы даму жоспарымен бөлісті. Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар беріліп, реформалар нақты нәтиже көрсету керектігін баса айтты.
Бұл ретте ол:
«Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді» деді.
Демек, еліміздің мемлекетік қызметшілері артылған сенімді ақтап, бар ынтасымен жұмыс жасауы керек. Бұл үкімет басшысынан бастап, әкімдіктер мен басқарма, бөлімдердің қатардағы бас маманына дейін артылған міндет. Сол сияқты президент алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керектігін жеткізді. Бұл мақсатта елімізде әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті. Осы мәселеге тоқталған Президент Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. Қазіргі таңда мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек.
Соған сай, Президент: «Әкімдер мен бірінші басшылар халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын да аңғартады» деді. Расымен де, Мемлекет басшысы бұл мәселені ұдайы айтып келеді. Ендеше, бұл отырыста айтылған ұсыныс-пікірлер сөз жүзінде қалмай, оң шешімін тауып, мемлекет дамуына тың серпін беруі тиіс.
Алтынзер БАЙМҰРАТОВА,
аудандық мәслихат депутаты