Жаңа жыл басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемде сұхбат берді. Мемлекет басшысы бұл сұхбатында Қазақстанның өткен жылы қол жеткен жетістіктерімен бірге, алдағы жылдары атқарылатын жұмыстарына жан-жақты талдау жасады.
Бұл ретте әдеттегідей өткен жылдың қорытындысы туралы сұраған тілшінің «Былтыр өте көп оқиға болғаны белгілі. Дегенмен, 2025 жылдың басты нәтижесі қандай деп ойлайсыз?» деген сауалына Мемлекет басшысы: «Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Дей тұрғанмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты» деп жауап берді.
Сұхбат бұдан әрі қабылданған жаңа Салық кодексі, экономикалық реформалар, көлік және логистика саласының маңызы, ауыл шаруашылығын, туризм, жасанды интеллектіні дамыту бағытында өрбіді. Сонымен қатар еліміздегі өзекті мәселе сыбайлас жемқорлық, әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар арасындағы қайғылы оқиғалар, Қаңтар оқиғасы бағытында әңгіме өрбіді.
Сұхбат барысында бұқаралық ақпарат құралдарының мән-мағынасы, жауапкершілігі жөнінде ой толғаған Президент жас кезінен мерзімді баспасөзді үзбей оқып келе жатқанын, қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отырғанын, газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасап, сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады» деді.
Шындығында баспасөзге жазылу науқаны кезінде елді мекендерді, мекемелерді аралау кезінде көптеген азамат, соның ішінде жастар жағы жаңалықтың барлығын әлеуметтік желіден қарап, оқитынын айтып, мерзімді басылымға жазылғысы келмейді. Осындай түрлі сылтауларды айтып, өзіне де, өзгеге де нақты емес ақпараттар жеткізіп жүргендерге Президент «Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын. Ел ішіне кең таралған TikTok, Instagram немесе Telegram арналары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс. Сондықтан қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс» деп газеттің өзі бір күндік болғанмен, сөзі – мың күндік екендігін тағы да бір еске салды. Сондай-ақ «Айттық-ескерттік, ұйымдастырып жатырмыз» деп шығарып салатын басшылар Президенттің өткен жылы «Аna tili» газетіне берген сұхбатындағы «Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала бермек» деген сөзін ұмытпай, әрдайым есте сақтағандары жөн.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ,
журналист



