Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЙТЫЛҒАН ҰСЫНЫС-ПІКІР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Келесі күні аудандағы ең үлкен округ - Сағыз бен Мұқыр ауылдық округі әкімдерінің есебіне баға берілді.

Онда алдымен әдеттегідей округ әкімдері Өтепберген Әділов пен Мереке Есқалиевтің былтырғы жылы жасалған есебі тыңдалды. Шүкір, екі округтің де жағдайы басқа округтерге қарағанда, көш ілгері. Жасалған жұмыстары да жетіп артылады. Есепті баяндама тыңдалғаннан кейін сөз сөйлеген Сағыз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төрәлі Бектұрлы, №9 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Аяғанова, қолөнер шебері Жайлау Таласов, ауыл тұрғыны Халықберген Зейнетов, Гүлзат Ниязова, ардагер ұстаз Бағила Жолмұханова, Сағызбек Тастеміров, Мұқыр ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақниет Сахиев, ардагер ұстаз Амангелді Сәрсенбаев, ауыл тұрғыны Төлеу Тайжанов, Ізбасар Отаров, «Мұқыр-Жантерек» бекетінің бастығы Боранбай Өтеулиевтер бұрыннан айтылып жүрген аурухана мәселесі, «Қазпошта» аудандық байланыс торабына қатысты банкомат, базаның дұрыс жұмыс жасамайтындығы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай жасалып жатқан жұмыстың төмендігі, күрделі жөндеу жұмыстарының сапасыздығы, мал шаруашылығына көңіл бөлу керектігі, көше атауларына байланысты орнатылған тақтайшалардың құлап жатқандығы, тарихи тұлғаларды ұлықтау қажеттігі, әкімшілік, мәдениет үйлері, ауылішілік жолдар, балабақша, спорт кешенін, өнер мектебін салу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілмеуі, жолаушылар пойызының стансаға келуін кезекшінің хабарламауы, ауыл көшелерінде жарықтың жоқтығы сөз болды. Бұл мәселелерге бөлім, мекеме басшылары тиісті жауаптарын берді, кейбірін алдағы уақытта шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

Аудан басшысы да бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде екендігін, кезең-кезеңімен орындалатындығын, мердігерлердің жауапсыздығынан кейбір құрылыс жұмыстары тұралап қалып жатқандығын ашық айтып, ауыл тұрғындарының қаперіне берді. Сонымен қатар, Тайсойған ауылдық округінің әкімі міндетін атқарушы Үміт Нухесова мен Миялы ауылдық округінің әкімі Қайырғали Базарбаевтың былтырғы жылы жасалған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері талқыланды. Жиын барысында, Тайсойған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүзгінбай Өрбісінов жол салу, өр суының келмеуі туралы сөз қозғаса, Миялы ауылының тұрғындары Сүйеуғали Дүйсәлиев малды далаға бақтырып, округке жақын шаруа қожалықтарын округ есебіне алу керектігін, Есенбай Нұров «Алаш» аллеясын ашу қажеттігін, Құмар Хасанов Ұлттық бірыңғай тестін оқушылар өз білімдерімен қорғап шығуға жұмыстанған дұрыс екендігін тілге тиек етті.

Аудан басшысы бұл ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта ескерілетіндігін жеткізді. Есеп беру жиындарынан соң барлық округте аудан әкімінің қабылдауы ұйымдастырылды. Онда жұмысқа орналасу, тұрғын үй, жер бөлу мәселесі бойынша келген ауыл тұрғындарына заң шеңберіне орай жауап берілді.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT