Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Аймақтағы құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі талқыланды

Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелі картасының шеңберінде денсаулық сақтау саласында туындаған мәселелерді шешу бағытында атқарылған жұмыстар туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиев баяндама жасады.

- Департаменттің Атырау облысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік сатып алу жоспарына жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша соңғы 2 жылда берген ұсыныстары нәтижесінде 81 млн теңгеден астам қаржы үнемделген. Мәселен, Геолог емханасымен мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 30 медициналық кресло сатып алу жоспарынан  24 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді. Кәсіпкерлік субъектілері мен денсаулық сақтау мекемелері арасында жасалған келісім-шарттардың талаптарына сәйкес, сомалар аяқталу актісіне қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде төленуі тиіс. Алайда төлемеу мерзімі 30 күннен асады. Басқармаға қарасты кей ауруханалар  208 бизнес субъектісіне қарыз, оның жалпы сомасы 1 449 565 646,98 теңгені құрайды,-Е. Серікқалиев.

Аталған мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев баяндама жасады.

- Ұқсас жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық медициналық ұйым басшыларының қатысуымен өткен жиналыста заң нормалары  қайта түсіндірілді. Мемлекеттік  сатып алу рәсімдері ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылып келеді. 2022 жылдың маусым айынан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес бағасы 20 000 000 теңгеге дейін тұратын медициналық құрылғылар Денсаулық сақтау басқармасымен, 20 000 000 теңгеден жоғары тұратын медициналық бұйымдар «СҚ-Фармация» ЖШС-мен орталықтандырылып сатып алынады. Бұдан бөлек 2023 жылы келетін мамандар үшін облыстық бюджеттен тұрғын үй алуға 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл шара «Отбасы банк» АҚ Атырау облысы бойынша филиалымен бірлесе жүзеге асырылады,-деді Қ.Абдалиев.

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Е. Серікқалиев аймақта комплаенс қызметімен атқарылған және оны жетілдіру бағытында жүргізілген жұмыстар туралы баяндама жасады. - Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицерлермен 118 сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізді. №2 Атырау облыстық аурухананың комплаенс-офицері жүргізген талдаудың нәтижесінде ауруханың мемлекеттік сатып алу менеджері атқарып отырған лауазымдық қызметімен жіберілген заңбұзушылықтар анықтаған. 2022 жылғы сатып алу бойынша 10 000 000 теңге және 2021 жыл бойынша 67 000 000 теңге аударылып, мемлекеттік бюджет қаражаты талан-таражға салынған.

Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің комплаенс-қызметкерлері 8 құқықбұзушылық анықтады. Яғни оқытушылармен «Платонус» жүйесі арқылы онлайн форматта факультеттің студенттері атынан емтихан тапсыруы, үлгерімдері нашар студенттерінен бағаларын көтеру мақсатында мәжбүрлі түрде ақшалай сыйақы алу фактілері тіркелген,-деді Е. Серікқалиев.

Жиында Серік Шәпкенов жауапты сала мамандарына мемлекеттік сатып алу процесін орталықтандыруды, кадрлармен жұмысты қайта қарау және қызметке кандидаттарды іріктеуді, оқытуды, тәрбиелеудің және осы процестерді бақылаудың жаңа жүйесін құруды, жұмысқа қабылдауда конкурстық рәсімдерді толық цифрландыру арқылы іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуді, бұл жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлішер Нұршаев есірткі заттардың заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған шараларға тоқталды.

- Бүгінде есірткі құралдарының түрі күннен күнге көбейіп жатыр. Сондай-ақ «Трамадол» препаратының есірткі тізіміне енгізілгенімен, орнына «Дәріханалық нашақорлыққа» жататын препараттарының басқа да түрлері таралуда. Мысалы прегабалин препаратының аналогтары - «Алис», «Лирика» және т.б. Өз тарапымыздан қажетті барлық шараны қабылдаудамыз. Аналитикалық мәліметтерге сәйкес облысымызда 2023 жылдың 6 айы ішінде есірткімен байланысты 63 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар – 35, оның ішінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс саны - 2. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы – 5 кг 966,41 гр есірткі заттары тәркіленді,-деді Ә.Нұршаев.

Отырыста мамандар облыстық психикалық денсаулық орталығы «Альфа РVР» синтетикалық есірткінің  жаңа түрін анықтайтын заманауи құралдарымен жабдықтауды ұсынды. Ұрлық, алаяқтық және бұзақылық қылмыстарын алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Руслан Садиров айтып өтті.

- «ҚР ІІМ-нің Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар» жоспары жасақталып, облыс әкімімен бекітілді. Бағдарлама жоспарын жүзеге асыру барысында биылғы жылдың 6 айы қорытындысымен жалпы тіркелген ұрлық қылмысының санын 15,6%-ға, оның ішінде ауыр дәрежедегі 17,6%-ға, орта дәрежеді ұрлық қылмыстарының ашылуы 14,2%-ға төмендеді. ОПД қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру нәтижесінде ауыр дәрежедегі ұрлық қылмыстарының ашу көрсеткіші 2,4%-ға, орта дәрежедегі 11,2% өсіп отыр,-деді Р.Садиров.

Облыс әкімі интернет-алаяқтыққа қатысты ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ сала басшыларына бірлескен түрде түрлі қылмыстарды жою және алдын алу үшін іс-шара әзірлеуді жүктеді.

- Мәселе камера орнату не жарық жүргізуде емес, істеліп жатқан жұмыста. Бүгінгі жиында қоғам үшін өте өзекті мәселелер көтерілді. Әр маманның ұсынысын қолдаймын. Осы ретте түрлі қылмыстардың алдын алу үшін бірлескен түрде тез арада іс-шара әзірлеңіздер. Заман өзгерген сайын қылмыстың да түрі көбейіп жатыр. Оларға төтеп беру үшін мамандар дайындайық. Оларды оқыту керек болса оқытып, қажетті құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етейік. Бірақ ол істердің нақты нәтижесі болуы тиіс. Егер нәтиже болмаса, кадрлық өзгеріс енгізуді немесе басқа да жолын іздеу керек,-деді С.Шәпкенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT