Президенттің 6 жылдық басшылығы аясында ауыл шаруашылығы мен отандық өндірісті қолдау бағытындағы шаралардың тиімділігі айқын көрініс тауып отыр. Елімізде астықтың былтырғы рекорд өнімі – агроөнеркәсіп кешеніне бөлінген 2,5 триллион теңгенің нәтижесі, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал еткен нақты дәлел.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігінің бес жыл ішінде екі есеге өсуі (4,2 миллион теңге) және азық-түлік өндірісінің көлемінің 2,1 есеге ұлғаюы еліміздің аграрлық секторын жаңа белестерге көтергенін көрсетеді. Бұл жетістіктер – мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға бағытталған жүйелі шараларының табысты нәтижесі.
Мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге басымдық беру саясаты да маңызды роль атқарды. Машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік саласында тек қазақстандық өндірушілерден сатып алу арқылы елдегі өндірістік қуатты толық пайдалану көзделді. Бұл шаралар тек өндірісті қолдап қана қоймай, ел экономикасын тұрақты дамытудың, жұмыс орындарын көбейтудің және халықтың тұрмыс деңгейін арттырудың кепілі болды.
Президенттің алты жылдық басшылығының барысында жүзеге асырылған осы реформалар мен қолдау шаралары – еліміздің экономикасы мен ауыл шаруашылығының жаңа даму кезеңіне қадам басқанының айқын дәлелі. Болашақта да осындай бағытта жұмыстар жалғаса берсе, Қазақстанның аграрлық және өндірістік секторы одан әрі өркендеп, елдің әл-ауқаты артады деген сенім бар.
Нұртас БАЙЖАНОВ,
«Ауыл» партиясы Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы