ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ертең Қазақстанда Абай күні қалай атап өтілетіні туралы айтты.
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек, - деді ұлы ақынның 175 жылдығында арналған "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 10 тамыз Абай күні ретінде белгіленіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілген болатын. Əлемдік коронавирус пандемиясына байланысты барлық іс-шара онлайн форматта өтіп жатқаны белгілі. 10 тамыз күні де Хакім Абай мерейтойы аясындағы республика көлеміндегі бар іс-шара онлайн түрде ұйымдастырылады. Сонымен 10 тамызға Семейдегі Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мəдени жəне əдеби-мемориалдық қорығы "Хəкім Абай" атты арнайы мəдени бағдарлама дайындап, іс-шаралар легін Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасы арқылы тікелей эфирге шығумен бастайды. Осыдан кейін мереке өңірлердегі танымал мəдениет жəне өнер қайраткерлерінің Абай шығармаларын оқуымен жалғасады. Дəл осы күні Семейдегі "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мəдени жəне əдеби-мемориалдық қорығында "Абай және ХХІ ғасыр: болашақпен сұхбат" атты халықаралық конференция өтеді.
Жиынға танымал ғалымдар, абайтанушылар, Ресей Федерациясы Əдебиет академиясының академигі Г. Пряхин, түрлі мəдени жəне ЖОО басшылары қатысады. Сонымен қоса тəулік бойы интернет арқылы Абай қорық-музейі, "Абай-Шəкəрім" мавзолейіне видеоэкскурсия жасауға, Абай музейіндегі экспонаттар жайлы түрлі бейнебаяндар тамашалауға болады. Жыл басынан бері ақынның туып өскен өлкесінде Абай есімімен байланысты тарихи-мəдени мұра нысандарға ғылыми рестоврация жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Сонымен қатар 10 тамызда 15:00-де халықаралық деңгейде Абай өлеңдерін халықаралық 8 тілде оқуға арналған "Abai world challenge" атты видеомарафон бастау алады. (Француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, итальян тілдерінде). Аталған челленджге Абай шығармашылығын зерттеп жүрген əлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының Төтенше жəне Өкілетті елшілері қатысады. Жалпы 10 тамыз күні республика бойынша 100-ге жуық іс-шара өтеді. Бұл іс-шараның барлығы Мəдениет жəне спорт министрлігінің əлеуметтік желідегі ресми парақшаларында көрсетіледі.
Сондай-ақ осы күні əлеуметтік бейнебаяндар мен қысқа метражды фильмдерге арналған "Абайдың мұрасы – адамзат қазынасы" атты онлайн-фестиваль басталады. Əлемдік деңгейдегі ойшыл өз шығармаларында еңбексүйгіштікті, білімге құштарлықты, даналықты, қайырымдылық пен отанға деген махаббатты насихаттаған. Əрі ақын ой мен жүрек тазалығына айрықша мəн берген. Хакім Абайдың даналығы мен философиялық көзқарасы ғасырлар өтсе де өзінің мəн-маңызы мен өміршеңдігін жоймақ емес. Біз біртұтас қоғам ретінде ақын шығармаларын тек биыл мерейтой аясында ғана құрметтеп қана қоймай, шығармаларын өзімізді-өзіміз тану жолында айнымас темірқазыққа айналдыруымыз қажет. Айта кетейік, мереке күні елордамыз бен өңірлерде кемеңгер ойшылды еске алу мақсатында гүл шоқтарын қою рəсімі өтеді.
BAQ.KZ
Фото: ашық дереккөзден