«Жангелдин» мәдениет үйінде орналасқан №146 сайлау учаскесі де таңертеңгі сағат 7.00-де өз жұмысын бастады.
Сайлау учаскесінің төрағасы Ғайса Қанат түрлі саяси партия және қоғамдық бірлестіктерден келген байқаушылардың, комиссия мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен дауыс беру жәшігін бекітіп, мөрлегеннен соң сайлау ережесін қысқаша түсіндіріп өтті. Алғашқыда 5-6 сайлаушының дауыс беруінен басталған сайлау науқанында уақыт өте адамдар қатары көбейе бастады.
Сағат 11.00-де сайлаушылардың 30 пайыздайы өз таңдауларын жасап үлгерді. Солардың қатарында сайлау науқанына алғаш қатысушы Ұлболсын Абатжанқызы да бар. Ол Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сайлау құқығына ие болғанына мақтанады. Аталмыш сайлау учаскесінде тіркелген 994 сайлаушының 17-сі қыстақтарда болса, 10-ы Миялы ауылында қоныстанған.
Арнайы көлікке мінген бір комиссия мүшесі қыстақтарды аралап, олардың дауыстарын жинады. «Қабаққұдық» қыстағында тұратын Ақтай Хайруллин саяси додадан тыс қалдырмай, үйлеріне көлік жіберіп жатқан ұйымдастырушыларға рахметін айтып, отбасымен бірге өздері қалаған партияға дауыстарын берді. Учаскеге келе алмайтын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардан 35 өтініш түсті.
Өз өмірінде талай сайлауға қатысқанын тілге тиек еткен 98 жастағы тыл ардагері Қойпан Бақова өткізіліп жатқан саяси науқанның ел болашағы үшін маңызды екенін айтып, батасын берді.