Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Жыр жазамын жүрегімнен...»

Жақында осындай тақырыппен ақын Роза Әбілханованың шығармашылық кеші болып өтті. «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кеш «Ойыл аруы» бишілер тобының «Дала қызы» биімен ашылды. Содан кейін лэд экраннан ақынның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы бейне көрініс көрсетілді.

Артынша жиналған көпшіліктің қошеметімен кеш иесі ортаға шақырылды. Бұдан соң аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гаухар Құрманғазиева ақынды шығармашылық кешімен құттықтап, бөлім басшысы атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етсе, «Арман» мәдениет үйінің директоры Жәния Ізбасқан мен халық шығармашылығы және мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының директоры Толқын Бақтагереева ақынның «Өмір өрнектері» атты жыр жинағының тұсауын кесіп, кітап ресми түрде оқырмандарға жол тартты.

Кітаптың тұсау кесерінен соң ақын өзінің шығармашылығы жайлы аз-кем әңгімелеп, әр жылдары шыққан өлеңдерін оқып, жырға сусаған халықтың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, аудандық балалар кітапханасы жанындағы «Жас қаламгер» үйірмесінің шәкірттері де ақынның өлеңдерін жатқа айтып, көңілдерге көрікті ой ұялатты. Жыр шумақтарымен басталған әсерлі кешті одан әрі әншілер Жұлдыз Асауова, Сағадат Мұратұлы, Раушангүл Стомма, Бисұлтан Мұхтаровтар әсем әнмен жалғап, шара шырайын кіргізе түсті. Кеш соңында ақынның әріптестері мен туыстары құттықтау тілектерін жолдап, естелік сыйлықтар табыс етті. Айта кетейік, аудандық балалар кітапханасына басшылық ететін Роза Әбілханова ауданда өтетін түрлі деңгейдегі іс-шаралар кезінде тақырыпқа орай өлеңдер мен арнаулар шығарып, мәдени саланың мәртебесін асыру жолында өзіндік үлесін қосып жүрген жан.

Дулат БЕРІКҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT