Келбеті келіскен еліміздің әсем қаласының бірі Астана қаласы көз тартарлықтай көркеюде. Бүгінде елордаға жиырма жыл толуына орай Қазақстанның барлық өңірі айшықты тойлауға кірісіп те кетті. Осы тұста, біз жақсыны көрмек үшін арнайы сапарлап, ол қаланың артықшылығын, жаңашылдығ!ын ауыл тұрғындарына жеткізе білген ауданның Құрметті азаматы, Сағыз ауылының тұрғыны Жасан Есқайыровпен әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.
– Жасан Есқайырұлы, ең алдымен өмірдерегіңізге тоқтала кетсеңіз?
– Мен 1941 жылдың 5 наурызында Қызылқоға ауданы Сағыз ауылына қарасты Ақшелек елді мекенінде қарапайым шаруа жанұясында дүниеге келдім. 1948 жылы «Ақшелек» бастауыш мектебінің 1-сыныбына қабылданып, кейіннен Мұқыр орта мектебінің 10-сыныбын 1958 жылы бітірдім. Ал, мектеп бітірген соң 1960 жылға дейін Ленин атындағы ұжымшарда шопан болып еңбек жолын бастап, сол жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны 1965 жылы ғалым-зоотехник мамандығы бойынша тәмамдадым. Оны бітірген соң, ауылдағы Ленин атындағы совхозда (бұрынғы колхоз) ферма зоотехнигі болып еңбекке араласып, 1966-1967 жылдары армия қатарында әскери борышымды өтедім. Әскерден оралған соң 1967-1973 жылдары бұрынғы жұмысыма қайта орналастым. Ал, 1977 жылы Ленин атындағы совхоздың директорлығына тағайындалып, 1987 жылы партия жолдамасымен Энгельс атындағы совхозға директорлыққа ауыстырылдым. Ал, 1992 жылы «Гурьев асыл тұқымды Қаракөл қой зауытына» басшылық қызметке (директор) тағайындалдым. Осы жұмыстан 1997 жылы жеңілдікпен құрметті демалысқа-зейнеткерлікке шығарылдым.
– Ең алғаш барған астананың келбеті қандай еді?
– 1985 жылы мен өзім Ленин атындағы совхоздың директоры болатынмын. Сол жылы совхоз территориясында қуаңшылық болды. Сондықтан, малға қажетті мал азығын даярлауға мүмкіндік болмай, совхоздың жұмысшы-механизаторлары Ақмола облысы Селеті ауданы «Селеті» совхоз территориясынан мал азығын даярлауға бардық. Онда бұрынғы астана Целиноград қаласында біздердің байқағанымыз үкімет үйі және «Целиноград» кинотеатрынан басқа көрнекті құрылыс ғимараты болған жоқ болатын. Жалпы астана Целиноград болып 1961 жылы өзгертілген . Көшелері лас, балшық, асфальталмаған, өсіп тұрған талдары да шамалы көріксіздеу қала еді. Одан кейін 1992 жылы Целиноград қайтадан, Ақмола боп өзгерді. Міне, осыдан соң 2005 жылы бір шаруаларыммен Астана қаласына арнайы барғанмын. Ол уақытта қаланың күрт өзгергенін байқадым. Мәселен, «Ақорда», «Бәйтерек», «Думан», тағы сол сияқты құрылыс ғимараттары, жақсы сәулетті үйлер бой көтергені қатты таңғалдырады.
– Былтырғы жылы еліміздің ең негізгі жетістігі саналатын «ЭКСПО» халықаралық көрмесінен алған әсеріңіз?
– Әрине, ең алдымен, мұндай таңғажайып кереметті көруге мүмкіндік жасаған облыс әкімі Н.Ноғаевқа, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Ризуановқа, «Famiy Carien» компаниясына алғысым шексіз. Онда сәнді, әдемі Н.Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдан ұшақтан түскеннен бастап, қаланың шетінен өмірде көрмеген кереметтерді көзбен көріп, қатты риза болдым. Алдымен қалада зәулім үйлер, ғимараттар, әртүрлі құрылыс нысандары әр көшеде бөлек-бөлек және бір-біріне ұқсамайтын сәулетті қала көрінісі бірден көзге ілікті. Сондай-ақ, болашақ ұрпақ үшін керекті керемет жоғарғы оқу орындарының ғимараттары мені қайран қалдырды. Өйткені, барлық қажеттілігі жасалған студенттің, ел болашағы үшін жақсы маман болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, көшелердегі жинақылық, тазалық, түрлі шамдар, жайқалған түрліше ағаштар көшенің көркін келтіріп тұр. Сондай-ақ, біздерді қаланың негізгі жерлерін түгелге жақын аралатып, яғни ең алдымен «Хазірет» мешітін көргенде қайран қалдық. Шындығында бұл мешіт дүниежүзі бойынша үшінші орындағы мешіт екен (үлкендігі жағынан). 2012 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен түріктер салған екен. Содан кейін «Астана опера» театрында болып, әсерлі қойылымды тамашаладық. Кезегінше Президенттің Ақордасы, парламент, үкімет үйі, жоғарғы сот ғимараттарын лайықтай бір-біріне реттеп, үйлесімді жасалған екен. Сонымен қатар, Қазақстанның байлық әлемін «Атамекен – Қазақстан картасы» атты ашық аспан астындағы бірегей мұражай этно-мемориалдық кешенді аралағанда, бүкіл қазақстанның әрбір жеке-жеке қалаларындағы көрнекті құрылыс, ғимарат объектілер көрінісі, байлық қазбалар, өндірілетін өнімдер, қазір шұғылданып жатқан өндіріс орындары және болашақ әрбір қаланың өркендеп дамуы жоспарлары жасақталған. Әрине біздер кезінде облыстың кеңшарларын басқарған ардагерлер еліміздің байлығын, күш-қуатын, қарым-қабілетін әйгілейтін өндіріс нысандарын, мәдени-тарихи орындарын, теміржол тораптарын Астанаға әкеліп, жарқыратып, жайнатып көрсетуді жақсы ойлап тапқаны таңғалдырды. Дүниежүзі бойынша 100-ге тарта елдің павильонын түгел қарау мүмкін болмады. Маған Қазақстан, Жапония, Германия, Қытай, Ресей және тағы басқа павильон көрмелерін көруге тура келді. Көргенде бірінен-бірі артық әр елде әртүрлі жаңалықтар көрсетілген. Бұл көріністің өзі елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтерумен қатар, болашақта еліміз бұдан алға ғылыми жетістіктерімізді, өндіріске қолданатынымызға күмәнім жоқ. Негізі Астанада көретін жерлерде көп. Сонымен қатар, салынып жатқан құрылыс, ғимарат объектілері барлық жерде көптеп салынуда.
– Бүгінгі Астананың келбетінен болашақ Қазақстанның қандай болатынын сезе алдыңыз ба?
– Мен 1985 жылы Ақмола қаласына барғанда әуежай қаладан оқшау 20 шақырым жерде еді. Қазір барлық жерге зәулім үйлер салынған. Бос жер жоқ. Қала соңғы жылдары қатты қарқын алған. Мұндай қаланың қарқынды дамуы болашақ қазақстанның барлық қалаларында қолдау алады деген ойдамын. Өйткені, біріншіден Астана қаласы әлемнің қай қаласымен де ақылды қала есебінде конкурсқа түсетініне көзім жетті. Екіншіден осы қаланы көрген адам Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекеті тұрақты бейбіт, мәңгілік ел болатынына сенім ұялайды. Ал, Астананың мұндай жетістігі Қазақстанның беделі мен абыройын асқақтататыны сөзсіз. Сондықтан да, дәл осы жетістік Қазақстанның әр қаласында қарқын алса әлемдегі отыз елдің қатарына енетініне көзім жетіп отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан, Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.