Кең жайлауда қанат жайып, мал баққан қазақ халқы жайшылықта есігіне құлып салмаған.
Ал, тойшылдығы, көпшілдігі - өзге жұрттарда сирек кездсететін дара қасиет десек асыра айтқандық болмас. Шаңыраққа бас сұққан қонаққа жайылып жастық болып, иіліп төсек болғандығы қазақ халқының тарихынан белгілі. Сонымен қатар, «Жақсы ортақ – той ортақ» деген мақалда тегін айтылмаса керек.
Кешегі қиыншылық заманда да жағдайына қарай тойдың ұлттық дәстүрін сақтай білген. Міне, бүгін тәуелсіздікке қол жеткізген бейбіт заманда той-томалақтың көбейе-кеңейе түсуі көңіліме қуаныш ұялатады. Шындығында той тәрбие мектебі болуы керек. Тойды ішіп-жеудің, орынсыз ырық-жырықтың салтына айналдырмай, әдемі көңіл көтеріп, ұлттық дәстүріміздің салтанат құруына бейімдесек, ондай тойдың жастар тәрбиесіне тигізетін әсері орасан болар еді. Мәселен, мемлекетіміздің іргетасы шаңырақ көтеру, отбасын құрумен сабақтасады. Әрбір қара шаңыраққа түскен келін өз өмірін сол шаңырақ салтына бейімдеймін, қадірі мен қасиетін сақтаймын, соған лайық ата-бабалар жолын қуатын ұрпақ тәрбиелеймін деп үлкен жауапкершілікті атқаруға жұмыстанады. Оның алғашқы куәсі оң аяғымен табалдырықтан аттап, бетін аштырып, қарттардан бата алу.
Алайда бұл дәстүрдің өзгергені сонша келіннің бетін ашпастан үйге кіргізіп, түнгі 10, 11-де тойханадан бетін ашу әдетке айналып бара жатқаны жасырын емес. Сонымен қатар, біздің жерімізде осындай тойларды тойханаға өткізу дәстүрге әбден сіңісті болып барады. Тойға алды 80 жастағы қарттармен соңы 20 жастағы бозбалалар қатар отырады. Бұл көкейге қона бермейді. Денесін азар алып жүрген қарттар мен құлын-тайдай секіріп жүрген жастардың тойда үйлесім табу мүмкіндігі де шамалы. Сондай-ақ, тойға кешкі сағат 19:00-ге шақырылады. Бірақ 22:00-де басталады. той басталғанғанша 3-4 сағаттың өзі тойға келушілерді шаршатып жібереді. Той түнгі 2-3 сағатсыз аяқталмайды. Әрине, тойға демалу үшін, той иесін құрметтеу үшін, той өткізіп жатқан жастарға бата-тілек, жүрек жылуын білдіру үшін баратыны белгілі. Көп жағдайда той аяқталмай жатып кетіп қалуға ұялады. Сөйтіп, тойдан әбден шаршаған күйі үйлеріне келеді. Шақырылған тойға бармауды ұят санаймыз. Бірақ барсақ шаршап қайтатынымыз шындық. Екіншіден тойханадағы музыка аспаптары өте қатаң, жоғары тербелісте, адамның құлағын тұндырады. Сондай-ақ, жастардың шулағанынан тойға келген қонақтардың тілегінде естуге мұрша жоқ. Ұлттық әуез домбырамен, сырнаймен жеке әндер шырқалып, күйлер тартылмайды. Бір сарынды эстрадалық музыка той қонақтарын шаршатады. Ең бастысы, тойға тою үшін емес тойдан рухани азық алу үшін барамыз. Қысқасы, тойсыз - өмір мәнсіз. Ендеше, қазақ халқын тойдан кенде қылмасын. Бірақ мазмұн-мағынасы жойылмасын деген тілегім бар.
Аманкелді СӘРСЕМБАЕВ,
ардагер ұстаз.
Мұқыр ауылы