Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жазушы, ақын Марат Мәжитов: «Төрткүл дүниені айналсам да, Тайсойғандай жер таппадым»

Таяуда Тайсойған топырағында туып, әдебиет айдынында кең құлаш сермеген «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, «Құмдағы із», «Соңғы айналым», «Тобанияз» сынды кітаптардың авторы, жазушы Марат Мәжитов туған жеріне арнайы ат басын бұрды.

7ae92192-bed7-49b6-b589-f32c670d5338

80 жасқа иек артқан жазушыны аудан әкімі бастаған делегация күтіп алып, құрмет көрсетті.  Аудан басшыларының құрметіне дән риза болған жазушы  Жангелдин, Ойыл ауылдық округтеріндегі «Жангелдин», «Шалқыма» мәдениет үйлерінде оқырмандармен кездесіп, жазушылық қасиеттің қыр-сырынан сыр шертті. Өз кезегінде көрермендер тарапынан сұрақ қойылып, Ш.Еркінов атындағы орта мектеп оқушылары жазушының әңгімесінен сахналық қойылым қойды. Окург әкімдері жазушының иығына қазақы салт-дәстүрмен шапан жапты.  Бұдан кейін жазушының  «Арман» мәдениет үйінде «Туған жерден қанаттанған қаламгер» шығармашылық кеші  өтті. Кеш барысында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев жазушыны мерейлі 80 жасымен құттықтап, қазақы салтпен иығына шапан жапса, ақын Қалидолла Ізекен, Жайғали Өтеуғали, ауданның Құрметті азаматтары Аманкелді Мұқашев, Жәния Ізбасқандар  игі тілектерін жолдады. Аудан өнерпаздары бірі ән шырқап, бірі Марат ақынның  өлеңдерін мәнерлеп оқып, кеш шырайын кіргізе түсті. Осы орайда, жазушыға  шығармашылық кеште қойылған сұрақтарға берген жауабын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Марат аға, кіндік қаныңыз тамған туған жеріңізге қош келдіңіз. Мерейлі сексен жасыңыз құтты болсын! Халқымыз «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді. Туған жерді сағындыңыз ба, елге деген сағынышты немен өлшер едіңіз?

–  Рахмет, айналайын. Араға төрт-бес көктем салып, туған жерге қайтадан табан тіреп отырмын. Келген сәтте куә болғаным – қасиетті Қызылқоғамыз күн сайын көркейіп, жыл сайын жаңарып келе жатыр екен.  Тағы бір естіп, қуанған жаңалығым – көптен бері арнасы кеуіп, тартылуға айналған Ойыл өзені тасып, бала кезімде талай шомылған Жарыпшыққаныма су барыпты. Осыны естіп шат-шадыман күйде отырмын. Ал, туған жерге деген сағынышты еш нәрсемен өлшеуге келмейді. Мен үшін әрбір құмы мен жусанының өзі тарихтан сыр шертіп тұратын Тайсойғанның орны мүлде бөлек. Сексен жыл ғұмырымда талай жерді аралап, небір ғажайып мекендерде болдым. Алайда, төткүл дүниені айналсам да Тайсойғанға жететін жер таппадым. Тайсойған деген – зерттегенге – тұнған тарих, ізденгенге – сыр шертер шежіре, мекен еткен адамға – жұмақ жер. Әйтпесе, кешегі Асан қайғы «Қақпақты қара қазан» деп бекер айтпаған ғой. Тіпті Тайсойғанның қадір-қасиетін білген Шалкиіз жырау осында келіп, бір ай тұрды деген дерек бар. Кейде  менің осынау сексенге келіп, әлі де әдебиеттен қара үзбей келе жатқаным – бала кезде туған жердің топырағынан алған нәр мен қуаттың арқасы шығар деп ойлаймын.

–  Бұрынғылар сексен жасты «Кәріліктің басы» деп атап кеткен. Десе де, бұл теңеу Сізге қатысы жоқ сияқты. Осы орайда, сексен жас қалай әсер етуде, мерейлі жасыңызда туған жерге қандай сый дайындап ала келдіңіз?

– Әрине, сексен бұрынғыдай бұрқырата жазып, шығармашылықпен толыққанды айналысатын жас емес. Қанша берілгің келмегенімен жас өзінікін алады екен. Кешегі 91 жас жасаған Қашаған:

«Елу деген жасыңыз,

Хазарға (Каспий теңізі) мінген кеме екен,

Алпыс деген жасыңыз

Шауып шығар бел екен.

Жетпіс деген жасыңыз

Күзгі соққан жел екен.

Сексен деген жасыңыз,

Маңайды шолар төбе екен.

Тоқсан деген жасыңыз

Көңіл-күйің бар болса,

Ұрпағың өсіп нар болса,

Көшіңді бастар жан болса,

Шалқайып жатар төр екен.

Ал, осы айтқаның болмаса,

Тоқсан деген жасыңыз,

Қараңғы түнмен тең екен» деп кеткен екен. Бұдан артық не айтуға болады? Қашағанның айтқанына салсақ менің келіп жеткен жасым маңайды шолар төбе болып тұр. Расымен де, осы жасқа аяқ басарда мен де жан-жағыма қарап, «Тағы не жазуым керек, тарихи тұлғалардың арасында зерттелмей жатқан кім бар?» деп ұзақ ойланып, маңайды шолдым. Сөйтіп Хақназар ханға тоқтадым. Өйткені біз қазақ хандары туралы айтқанда тек Абылай ханды айтамыз, соны ғана дәріптейміз. Ал, Хақназар хан тарихтың қалтарасында қала берді. Осы жайлы терең ойланып, үлкен көлемдегі роман жазуға бекіндім. Сол үшін Сарайшыққа бірнеше рет келіп, зерттеп-зерделедім. Расымен де, Хақназар хан тағдыры өте қилы тұлға болған. Әкесі Қасым ханнан алған тәлім-тәрбиенің арқасында елді сауатты басқара отырып, сол кездегі қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласын гүлдендірген. Осының бәрін қамтыған «Хақназар хан» деген романымды биыл аяқтап, жақында ғана баспадан шығарып, туған жеріме әкеліп отырмын. Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі – ішінде тек роман жазылып қойылған жоқ, артқы бетінде кешегі Алтын Орда мемлекетінің картасын салдырдым. Ол карта оқырман қауым баһадүр бабаларымыздың қанша жерге ие болғандығын көрсін деген мақсатпен бейнеленді. Міне, менің сексен жаста өзім берген есебім осы роман. Қазір тек екі данасын ала келдім. Алдағы уақытта ауданның кітапханаларына қосымша жібертетін боламын.

– Кез келген жетістікке жеткен адамның артында бағыт беруші, жетелеуші жанашыры болады. Сізді әдебиетке жетелеген кім, осы күніңіз үшін кімге алғыс айтар едіңіз?

– Менің өмір бойы алғыс айта отырып, өзімді соның алдында қарыздар сезінетін бір адам бар. Ол – әкем. Марқұм әкем менің тәрбиеме қатты көңіл бөлді. Бір сөзі әлі күнге дейін есімде. «Балам, жолда ат басындай алтын жатса да алма. Қайта «Алтын жатыр» деп үш рет айқайла да, өтіп кет. Адам естімесе де періште естиді» деп, мені жеңіл ақшаға, оңай олжаға қызықпауға тәрбиеледі. Әкемнің тағы бір қасиеті – білім алып, ізденуді  ешқашан кеш санамайтын. Сол үшін де мені 28 жасқа толғанда оқуға түсірді. Ол кезде үйленгенмін. Әкем «Отбасыңды маған қалдыр да оқуға түс» деп бағыт берді. Сөйтіп әкемнің қолдауымен отызға таянған шағымда студент болдым. Бірде ауылға демалысқа келгенімде әкем марқұм: «Сен бала Тайсойғанды дұрыс білмейді екенсің. Менің айтқандарым, үйреткендерім бәрі далаға кеткен екен. Ал, енді бір аптаға жететін азық-түлігіңді ал да, Тайсойғанды жаяу арала. Әрбір шағылымен, өскен жусанымен етене таныс. Туған топырағыңның ой-шұқырын көзбен көріп, жан-дүниеңмен сезін» деп мені демалдырмастан далаға «қуды». Әкенің айтқаны – заң. Сөйтіп керекті заттарымды алып,  жолға шығып кеттім. Сол кезде 11 күн жаяу жүріп, Тайсойған, Қарабаудың маңын түгел шолып шығыппын. Сөйтсем әкем бекерге жұмсамапты. Сол сапарда болашақта жазылатын әңгімелерім мен романдарыма толыққанды азық жинап қайттым. Міне, сол үшін де әкеме әлі күнге дейін қарыздармын. Екінші алғыс айтатын адамым – өмірлік жолдасым Орынай. Ол да осы топырақтың, дәлірек айтқанда мына тұрған Кіндіксайдың қызы. Екеуміз жастайымыздан қосылып, өмірдің біраз белесінен бірге өттік. Санап отырсам биылғы жылы отау құрғанымызға 54 жыл толыпты. Әлі күнге дейін маған қызмет етуден бір шаршаған емес. Оның басты себебі – әкемнің тәрбиесінен деп білемін. Мен 5 жыл оқуда болғанда әке-шешемнің қасында болды. «Алматыға бірге алып кет» деп сұранған да жоқ. Одан кейін де шығармашылықпен айналысып, бірнеше рет іссапарларда болдым. Сондай кездерде үйде жалғыз қалып қойып жүрді. Соның біріне ренжіместен алыс жолдан келгенде күлімдеп қарсы алып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бәйбішем – менің бүкіл бейнетіме көніп, ұрпағымды өрбітіп, отбасымның түтінін түзу ұшырып отырған жан.   Сол үшін де оған алғыс айта кетсем әбестік болмас.

ad04bd38-0344-40d5-87c8-9d382929ebef

– Халқымыз «Жігітті жолдасына қарап таны» дейді. Осы жасқа дейін кімдермен аралас-құралас болдыңыз, «қанды көйлек» досым деп кімдерді айта аласыз?

–  Құдай мені достан кенде қылмады. Әсіресе, рухани достарым көп болды. Кешегі артына өшпес із қалдырған Зейнолла Қабдолов, Берқайыр Аманшин, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Сафуан Шаймерденовтермен бірге жүріп, талай рет дастархандас болдым. Бірнеше рет той-қуаныштарын басқарып бердім. Сөйтіп жүріп олардың әрбір сөзінен, ісінен, жүріс-тұрысынан өмірлік сабақ алдым. Бұлар маған аға-дос бола білді, мен де інілікке жарадым деп ойлаймын. Одан бөлек, марқұм Фариза Оңғарсынова да менің сырлас досым болды. Ол қанша адуынды болса да, менің алдымнан қия кескен емес. Сол сияқты шығармашылық бағыттағы сапарымда да талай жақсымен достастым. Тобаниязды жазып жүргенде Маңғыстауға 10-15 рет, Құныскерейді жазып жүргенде Түркіменстанға  3-4 рет бардым. Сол жақтардан да кеудесі шежіреге толы көнекөз қариялармен танысып, достастым. Бұдан басқа, еліміздің барлық өңірінде бара қалсам құшақ жайып қарсы алатын достарым жетерлік. Менің осындай дәрежеде жазушы болып қалыптасуыма да сол достарымның қосқан үлестері де көп деп ойлаймын.

– Кешегі зарзаман ақындары сөзінің басын «Мен қауіп еткеннен айтамын...» деп бастап өз заманының мұң-мұқтажын тілге тиек еткен. Осы орайда, Сіз неден қауіптенесіз, не нәрсеге алаңдайсыз?

– Адамның көңілінде алаң басылған ба? Қазір қауіп ететін нәрселер көп қой. Ең бірінші мен үшін тарихқа қиянат жасайтындар қауіпті. Оған Құныскерейді жазып жүргенде куә болдым. Бір пысықай «Бірде Құныскерей құдықтың басында сұлу қызды көріп қалып, алып қашыпты. Сөйтіп оны екіқабат етіп, қайтадан құдықтың басына әкеліп тастапты» деп бөсіпті. Бұл деген аруақты қорлау ғой. Міне, сол сияқты ойына келгенін жазып, тарихқа қиянат жасайтындар көп. Сонымен қатар, қазір кітап оқитындар аз. Телефонға телмірген ұрпақ өсіп келеді. Том-том кітап былай тұрсын, апта сайын шығатын газет-журналды оқитын оқырман азайып барады. Кезінде  «Ақиқат», «Жұлдыз» журналдарының таралымы 500 мыңнан асты. Ал, қазір ондай таралым жоқ. Себебін сұрасаң «Жұрт керегін телфоннан оқып алады» дейді. Айналайын-ау, телефоннан оқыған дүниең дәл кітап пен газет-журналдікіндей адамға әсер бермейді ғой.  Ал, оны түсінетін пенде жоқ. Кейде осыларды ойлағанда қамкөңіл болып қалатынымыз рас.  

– Сізді елдің басым бөлігі жазушы деп танығанымен өлең жазудан да қара жаяу емессіз. Поэзияңызда не жаңалық, қандай өлеңдер жазып жүрсіз?

– Бала кезден тарихи деректерді зерттеп-зерделеу жұмыстарына құштар болғандықтан көбіне жазуға машықтандым. Сол машығым өсе келе жазушы қылып шығарды. Ал, өлең көңіл-күйге байланысты туындайды. Көптеген замандастарым «Аға, өлеңіңіз керемет қой. Неге қолға алмайсыз?» деп жатады. Сондай сәтте шабыттанып бұрқыратып жазып тастайтыным бар.  Әсіресе, соңғы жылдары өлең ауылына жиірек ат басын бұрып жүрмін. Бір жақсысы жазған өлеңдерім жерде қалмай,  «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті газеттеріне жарияланып жүр. Соңғы рет «Ана тіліне» газетіне «Бекет ата», «Есенғалиға», «Сүйдім сені сезіммен», «Сүйе алмаса ерге сын» сынды өлең топтамаларым жарық көрді. Құдай қуат берсе алдағы уақытта да проза мен поэзияны қатар алып жүруге тырысамын. 

                 

Жазып алған, Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT