Ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі шеберлігі шәкірт бағындырған биік белестер мен ізденісінің арқасында жеткен жетістіктерінің нәтижесінде көрінеді.
Сөзімізге арқау болар Миялы балалар өнер мектебінің әр салада тәрбиеленіп жатқан шә-кірттері бүгінде әр қатысқан байқаулардан жүлделі оралып, аудан абыройын асқақтатуда. Айталық, ақпан айының соңында Атырау қаласында «Өнер әлемі» шығармашылығының ұйымдастыруымен Республикалық «Жайық сазы» конкурсы өтіп, оқушылар бейнелеу өнері, қолөнер, хореография, вокал, аспапта ойнау, көркемсөз бағыттары бойынша сынға түсті. Нәтижесінде, вокал номинациясы бойынша Дарын Нартай бас жүлде, Сұлтан Ертайұлы І орынды, Шұғыла Жексенғали ІІ орынды, Сағындық Еламан ІІІ орынды (жетекшісі Л.Тастаева) иеленсе, бейнелеу өнері бағыты бойынша Назерке Ғани І орынды (жетекшісі А.Талғатқызы), Арсен Қабдрахман ІІ орынды, Сағындық Еламан, Ерсін Ғизатолла, Алишер Маратұлы ІІІ орынды (жетекшісі Қ. Көптілеуов) иемденді. Ал, аспапта ойнау номинациясы бойынша Ғизат Тасқали мен Мирас Сәлім ІІІ орынды (жетекшілері А.Тұрсынғали, А.Айсағалиев) еншілесе, дәстүрлі ән номинациясы бойынша Нұрлан Нұрғалиев пен Елдар Орынбасаров І орынды, Терекбай Ерболатов ІІ орынды (жетекшісі Б.Амантаев), сазсырнай аспабы бойынша Өркен Асланбекұлы ІІІ орынды (жетекшісі Б.Көшелекова) иеленді. Осы тұста, байқауға қатысқан оқушыларды дайындаған ұс-таздар арнайы диплом мен марапатталды.
Өнер – халық тарихының шежіресі. Соған сай, әр адамның өзінің бойына біткен ерекше таланты болады. Әрине, тұншыққан талантты ашу тағы да ұстаз шеберлігіне саяды. Осы тұста, ұлттық өнерімізді дамыту бағытында Алматы қаласында «Сырым бар жүрегімде...» атты республикалық көркемсөз, ән-би байқауына қатысқан Миялы балалар өнер мектебінің оқушылары жетістіктерді еселей түсті. Байқауға республикамыздың әр аумағынан келіп қатысқан қатысушылар бір-бірінен оза шаппаса, кем түспеді. Төрт күнге созылған байқауға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ радиосының дикторы А.Е.Серіков, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, әнші М.С.Сұмағұлов, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық «Халық мұғалімі» медалінің иегері, әдебиеттанушы М.Ж.Жанбосыновтар қазылық етті. Байқау нәтижесінде, эстрада-вокал номинациясы бойынша қатысып орта топта өнер көрсеткен Ұлмерек Жұмабай мен Жауқазын Саматқызы І орынды иеленсе, кіші топта өнер көрсеткен Айнамкөз Тасқынбайқызы ІІ орынды иемденді. Ал, хореография номинациясы бойынша бүлдіршін топта өнер көрсеткен Кәусар Ғиният, Анеля Әлмұқашева І орынды, Шұғыла Жексенғали ІІ орынды, орта топта өнер көрсеткен «Тұмар дуэті» бишілері Сымбат Әлібек пен Әнел Темірова І орынды еншіледі. Сонымен бірге, аспапта ойнау номинациясы және қобыз аспабы бойынша кіші топта өнер көрсеткен Шұғыла Жексенғали І орынды, бүлдіршін топта өнер көрсеткен Көркем Қади мен кіші топта Диана Жақсылық ІІ орынды иеленді. Ал, балғындардың өрелі өнеріне айрықша шығармашылық ықылас білдірген және оқу-тәрбие, мәдени-ағартушылық саласында сіңірген нәтижелі еңбектері үшін ұстаздары Зиба Таңбаева, Алтынгүл Берегенова, Нұрсифат Ізбасарова, Айдана Ижапқұловаларға арнайы Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бүгінгі бүлдіршін – елдің ертеңгі болашағы. Ал, олардың қабілет-қарымын, талантын ұштауымыз болашағымыздың жарқын болуының мызғымас кепілі. Ендеше, аудан абыройын асқақтатып жүрген оқушыларымыз бен ұстаздарымызға өнердің биік шыңынан көріне беріңіздер демекпіз.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.