Қазақ халқы ерте кезден қолөнерге бейім болған. Әсіресе, қыз-келіншектер, аналарымыз сол өнермен түрлі бұйымдар жасап, өзге ұлт өкілдерін таңқалдырса керек. Алайда, заман ағымына қарай бүгінде қолөнермен айналысатын әйел заты некен-саяқ.
Осы тұста, мұқырлық ісмер ана Дәметкен Ақанаева бұл сөзді жоққа шығарып, зейнеткерлікке шыққалы бері Мұқыр ауылын ғана емес, Сағыз, Миялы ауылдық округтері мен Атырау қаласының тұрғындарынан төмен бағамен тапсырыс алып, өз қызметімен көпшілікті қанағаттандырып келеді.
Ол 1951 жылдың 18 ақпанында Сағыз ауылы Ақшелек ауылында дүниеге келген. Білім алуды №490 Теміржолшылар мектебінен бастап, 10 жылдық мектепті тәмамдайды. Сол жылы Атырау педагогикалық институтының физика-математика факультетіне құжат тапсырып, түсе алмаған ол дос қызының көмегіне жүгініп, іс тігуге деген икемінің арқасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы тігін комбинатына барып жұмысқа орналасады. Өзінің еңбекқорлығымен небәрі 5-6 айдың ішінде тігінді үйреніп шығады. Бірақ, ауылдағы бауырларына бас-көз болу үшін ауылына оралады. Одан соң, тігіншілікті қойып, Сағыз ауылдық округіндегі кәсіптік техникалық училищесінен көлік жүргізуші мамандығын оқып шығады. 1970 жылы Мұқыр ауылдық округіне тұрмысқа шығып, жанұялық өмірге аяқ басады. 1976 жылдан бастап 22 жыл бойы «Айгөлек» балабақшасында аспазшы болып еңбек етеді. Отбасында 9 ағайынды болып өскен Дәметкен Ақанаева бұл өнердің анасы Збирадан дарығанын тілге тиек етті. Бүгінде сол анасынан үйренгені мен өзінің көп жылдық еңбегінің нәтижесінде, Мұқыр ауылдық округіндегі «Алтын кілт» бөбекжай балалар бақшасы, Мұқыр орта мектебі, Миялы балалар саз мектебі мен Атырау қаласындағы «Інжу» бишілер тобына арнайы киімдер тігумен айналысады. Сондай-ақ, тігінші анамыз төл өнеріміздің бірі – түрлі маталардан құрап тігілген құрақ көрпе жасаудың қас шебері. Оны өзінің фантазиясының көмегімен әдемілеп жасайды. Осындай ұлттық өнерді дәріптеп жүрген кейіпкерімізді аналар мерекесімен құттықтай отырып, еңбегіне жеміс тілейміз.
Лаура НАРИМАНОВА.