Сағыз ауылдық округіндегі «Шұғыла» мәдениет үйінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Айбыны асқақ – Тәуелсіз Қазақстан!» атты мерекелік шара өткен болатын.
Осынау киелі сахнада асқақтаған әсем әуенді әнұранымыз орындала бастағанда көрермендер орындарынан тұрып, оң қолдарын төсіне қойып, бәрі бірге шырқай жөнелді. Одан әрі ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаған Сағыз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Өтепберген Әділов:
– Тұғыры биік Тәуелсіздікке Елбасымыздың көшбасшылығының арқасында әлеуметтік, экономикалық-саяси дағдарыстарға ешқандай ұшырамай, қалыпты даму жолына аяқ бастық. Елбасымыз биылғы жылды «Жастар жылы» деп жарияланғаны баршамызға аян. Осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Ауылішілік жолдар мен электр желілері және мобильді, ақпаратты, заманауи технологиялар мен әдістерге негізделген орта құру жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің қарыштап дамуы, өсіп-өркендеуі әрбір қазақ азаматының санасына, қосқан үлесіне байланысты болмақ. Болашақ жастардың қолында, қоғамда жастарымыздың алар орны өлшеусіз. Қоғамдық жұмыстарға араласып, аудан, облыс, республика көлемінде ұйымдастырылып жатырған шараларға қатынасып жүрген белсенді жастарымыз баршаға үлгі, - деді.
Содан соң бір топ әр сала мамандары Мейірбек Ақымов, Айдана Жамбылова, Бекарыс Қойшыбайұлы, Айымгүл Кенжебай, Олжас Балгерей, Айдана Қайырғалиевалар аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Қ.Кәрімнің алғыс хатымен марапатталса, Ақкенже Көкембаева – «Үздік жас педагог», Жанарыс Тотаев – «Үздік жас көшбасшы», Саламат Ерболұлы – «Үздік жас кәсіпкер», Әйгерім Кеңесова – «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», Ақбота Сұлтанмұратова – «Үздік жас тәрбиеші», Досжан Аманкелді – «Үздік ерікті жас», Балсая Мақсотова – «Үздік жас дәрігер», Әйгерім Сүйінова – «Үздік жас тәртіп сақшысы», Наурыз Егізбаев – «Үздік жас өрт сөндіруші», Ерсайын Жаңаев – «Үздік жас теміржолшы», Ақорал Тегісбай – «Үздік жас мәдениет қызметкері», Нұршат Бағдабай – «Үздік студент», Бауыржан Қуаналиев – «Үздік жас өнер қызметкері», Ернар Қалымжанов – «Үздік «Zhas Project» жобасы-2019» атақтарына ие болды. Ауыл жастарының салауатты өмір салтын қалыптастырып, бос уақыттарының тиімді өткізуіне үнемі жанашыр боп жүретін жеке кәсіпкер Ақмарал Досымбаева «Жастар жылына» орай өз қаражатына ауыл жастарына арнап жазғы спорт алаңын салып, сыйға тартқан болатын. Шара барысында, осы еңбегі бағаланып, «Жастар жанашыры» атты құрметті номинацияны иеленді.
Сондай-ақ, Сағыз ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Т.Бектұрлыұлы, Кенбай орта мектебінің директоры Б.Омаров, Сағыз орта мектебі директорының міндетін атқарушы Т.Мусағалиевтер сөз сөйлеп, жалынды жастарға құттықтау тілегін арнаса, шара соңы бір топ ауыл өнерпаздарының салған әсем әндері мен мың бұрала билеген мерекелік кешіне ұласты. Сөйтіп, жастардың бойына патриоттық рух пен сезім сыйлай білген бұл кештің тағылымы өте ерекше болды.
Сайран ОРАҚОВА