Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде аудан, облысқа белгілі жезтаңдай әнші Ұлдаш Құлшықованың «Туған жерге тарту» атты ән кеші өтті.
Немересі Жұлдыз Мұхтар мен жиені Лизия Оқастың мың бұрала билеген қазақ биімен ашылған концерт кеш иесінің өмірдерегін бейнебаян арқылы таныстырумен жалғасты.
1950 жылы Қарабау ауылында дүниеге келген Ұлдаш Ноғайқызы мектеп бітірген соң Гурьев медицина училищесінің Миялы филиалын медбибі мамандығы бойынша бітіріп, медицина саласында 33 жыл еңбек етті. Еңбек еткен жылдары медбибі, аудандық дезинфекция бөлімінің бастығы, фельшерлік-акушерлік пункт меңгерушісі, медицина қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы, аудандық орталық аурухананың бас медбибісі қызметтерін атқарған ол бүгінде медицина қызметкерлері ардагерлер ұйымының төрайымы. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты атанған ол бүгінгі күні «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Ақ әжелер» ансамблінің әншісі.
С.Құрақбаевтың «Туған жер» әнін жезтаңдай әнші Зәуре Жұмағалиевамен бірге орындаған Ұлдаш Құлшықова одан әрі «Екі жирен», «Гәкку», «Көңіл толқуы» және соғыс жылдарындағы әндер жиынтығымен бірге орыс халқының «Подмосковные вечера», «Милая мама», «Город родной» әндерін тамылжыта шырқап, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында құрбысы, бүкілодақтық ІІ фестивальдің лауреаты Ғалия Ықыласова «Ахау Семей», медицина саласындағы әріптес сіңілісі, шәкіріті Фариза Бекқұлова «Я не могу иначе», әнші Ләззат Тастаева «Сағынғанда», «Ақ әжелер» ансамблі «Туған жер» әндерін тарту етсе, немере-жиендері Ерасыл Мұхтар, Айым Мысырғали, Жұлдыз Мұхтар, Лизия Оқастар тамылжыта ән салып, күмбірлете күй төгіп, мың бұрала би билеп кештің шырайын келтірді.
Көрермендер тәнті болған шырайлы шараның соңында аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов құттықтау тілегін білдіріп, аудан әкімінің «Ықылас гүлін» тарту етті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ