«Арман» мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қызылқоға ауданының құрылғанына 75 жыл толу мерейтойына арналған «Өнерімен өркендеген Қызылқоға» атты мекеме және көшеаралық өнер фестивалінің қорытынды концерті болып өтті.
Шара барысында, аталмыш фестивальға белсене атсалысқан барлық мекемелерге, көше тұрғындарына ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат табыс етілсе, «Нұр-Шуақ» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиешілері Жарқын Напихова, Айымгүл Бержан, Зоя Әжіғалиевалар республикалық өнер майталмандары Ескендір Хасанғалиев пен Мақпал Жүнісоваға пародия жасап, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ, аталмыш балабақша тәрбиешілерінен құралған бишілер ансамблі «Пошташылар биін» мың бұрала билеп берсе, Миялы балалар өнер мектебінің ұстаздары жергілікті компазиторлардың сөзіне жазылған патриоттық әндерді тамылжыта орындады.
Ал, «Қызылқоға» газетінің тілшісі Дулат Ғұбайдуллин «Біздер-біздер» атты Қызылқоға мақтаныштарына жазылған авторлық өлеңін мәнерлеп оқыды.
Кеш соңында, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Асқар Ақтаев пен Миялы ауылдық округінің әкімі Қайырғали Базарбаев сөз сөйлеп, концерттік бағдарламаны қорытындылады.
Нұрәділ ЕЛАМАН