Қашанда, қасиетті Қызылқоға өңірі таланттар мен дарындылардан кенде болмаған.
Солардың бірі де, бірегейі – өзі өмірден өтсе де артында өлмес сөзі қалған жазба және айтыскер ақын, сазгер Кәдірбай Жолаев. Осы орайда, өмірден өткен ақынды еске алып, есімін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында «Арман» мәдениет үйінде «Ұмытпа мені, ұмытпа..» атты еске алу кеші өтті. Оған ақынның жары мен туған-туыстары, жырсүйер қауым қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов:
– Талай байрақты додаларда ауданның намысын қорғап, жүлделі жүйрік атанған Кәдірбай ағамызды әсте ұмытуға болмайды. Оның жалынды жырларынан бөлек жүректі тербетер әндерінің өзі қандай керемет десеңізші?! Міне, осындай ақын, сазгер ағамыздың есімін ұлықтау – кейінгі ұрпақтың міндеті. Бүгінгі шара сол мақсатта ұйымдастырылып отыр, – деген жүрекжарды тілегін білдіріп, ақынның жары Риза Дүйсенбаеваға кестелі орамал мен оюлы комзол жауып құрмет көрсетті.
Содан кейін сахна төріне көтерілген ақын Жайғали Өтеуғали кезінде Кәдірбай Жолаевпен болған айтыстарынан үзінді келтірсе, ауданның Құрметті азаматы Жәния Ізбасқан ақынның азаматтығы хақында естеліктер айтты. Еске алу кешінің ең қызықты сәті – кеш иесінің немересі Батыржан Кәдірбай мен қарабаулық Бимырза Әбілқайырдың айтысы болды. Аға мен іні арасындағы сыйластыққа толы айтыс көрермендердің көңілінен шыға білді. Сондай-ақ, ақынның тағы бір немересі Ақмарал Кәдірбай атасының әнін нақышына келтіре орындап, шара шырайын кіргізе түсті. Бұдан бөлек, шара барысында аудан өнерпаздары ақынның әндерін шырқап, өлеңдерін оқыды.
Кеш соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев ақынның отбасына естелік сыйлық табыс етсе, ақынның жары Риза Дүйсенбаева шараны ұйымдастырушыларға аналық алғысын жаудырды.