«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Сондықтан, өркениетті елдердің қатарынан орын алып, терезені теңестіру үшін де мәдениеттің дамуы қажет. Ол үшін ауылдық жерлерде мәдениет үйлері талапқа сай болып, халықпен қоян-қолтық жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Қазіргі таңда аудан бойынша 51 мәдениет мекемелері (1 аудандық, 6 ауылдық мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб, 1 халық шығармашылығы орталығы, 28 кітапхана, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі) халыққа мәдени қызмет көрсетеді.
Алты ауылдық округте мәдениет үйлері болса, Тасшағыл, Қызылқоға, Тайсойған, Мұқыр ауылдық округтерінде мүлдем жоқ. Мұқыр ауылынан жаңадан салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысы мердігер мекеменің өз міндеттерін орындамауы салдарынан тоқтап тұрса, биылғы жылы Тасшағыл ауылынан мәдениет үйінің құрылысы басталады. Жасқайрат ауылындағы тозығы жеткен «Шалқыма» мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Қаржы бөлінсе жөндеу жұмыстары жүреді. Өткен жылы барлық мәдениет үйлеріне заманауи ЛЭД экрандар, ұлттық киімдер, музыкалық аппаратуралар мен аспаптар, жарықтандырғыш құралдар алынып, материалдық техникалық базасы кеңейтілді. Биылғы жылы аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтың қолдауымен «Есбай» ұлт-аспаптар оркестрінің жұмысы қайта қолға алынды (аталмыш оркестр 2017 жылы жұмыс істеуін тоқтатқан).
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №121 бұйрығында мәдениет ұйымдары желілерінің ең төменгі мемлекеттік нормативтері бекітілген. Осы нормативте халқы 1000 адамға жетпейтін елді мекендерде кітапхана, клуб жылжымалы мәдени кешен ретінде болуы тиіс екені анық көрсетілген. Осыған байланысты, ауылдық елді мекендердегі клубтар мен кітапханаларды оңтайландыру мәселесі қаралуда. Кейбір штаттары орталықтарға беріліп, елді мекендердегі штаттар қысқартылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айта келіп, Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырған-ды.
Енді мәдениет саласы қызметкерлерінің міндетті әлеуметтік жеңілдіктерді алу мүмкіндігі білім беру және денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен теңесетін болды. Бұл еліміздің руханиятына деген ерекше қолдау һәм бізге артылған үлкен жауапкершілік деп түсінеміз.
Жарас ЕСЕНҒАЛИЕВ,
аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы