Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві Жеңістің 80 жылдығына орай «Ұлы Отан соғысы ардагерлері – ғалымдардың ерлігі архив құжаттарында» тақырыбында конференция ұйымдастырып, «Мәңгілік естелік» атты фотосурет көрмесін өткізді.
Іс-шара 1941–1945 жылдардағы соғыс ардагерлерін еске алуға арналды. Жиында майдангерлердің ұрпақтары естеліктерімен бөлісті.
Адамзат тарихындағы ең ірі қасіретті соғысқа 1,5 миллионнан аса қазақстандық майданға аттанып, жартысынан көбі елге оралмады. Олар кеудесін оққа тосып, бейбіт күннің орнауы жолында қыршыннан қиылды. Кеңес Одағының батыры атағын алған 500-ден аса жауынгердің ішінде есімі аталатын Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды ержүрек қазақ батырларының ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау – бүгінгі күннің еншісінде. Тыл еңбеккерлерінің де жеңіске қосқан үлесі зор. Олар майдан даласына тылдан күш беріп, оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кешек жеткізіп отырды.
Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Шәкен Мәжитов, Халида Маманова, Бахия Атшабаров, Сәкен Нұғманов, Сайым Балмұханов, Аркадий Деев, Павел Мариковский және т.б. көптеген жеке тектік қор иелерінің құжаттары сақталып тұр. Бұл құжаттарды ғалымдар, жекелеген зерттеушілер ғылыми зерттеу, тарихты қалпына келтіру және тарихи білімді насихаттау мақсатында пайдаланып жатыр.
Алқалы жиынды Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева жүргізіп, құттықтау сөзімен ашты.
«Ұлы Отан соғысындағы жеңіс жолында ардагерлермен қатар тыл еңбеккерлерінің, олардың қатарында ғалымдардың да бар екенін ерекше атап өткеніміз жөн. Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде елімізге белгілі көптеген ғалымның соғыс кезіндегі еңбектерін дәлелдейтін құжаттар жинақталған. Бүгінде осы құжаттар жаңа зерттеулерге негіз болып, тың зерттеулер жасалып жатыр», деп атап өтті архив басшысы.
Зұлмат соғыстың адамзатқа әкелген қасірет-тауқыметі жайында тек архив құжаттарынан, майдангерлердің ұрпақтарынан естіп біле аламыз. Бүгінде қан майдан-ның тірі куәгерлерінің қатары сиреп барады. Талай боздақ елге оралмады. Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай батырлар ерлігін дәріптеу, мәңгі есте сақтау үшін архив құжаттарының ашықтығы мен қолжетімдігінің маңызды екеніне тоқталды.
Жиынға қатысқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлжаухар Көкебаева, доцент, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Жүгенбаева, Орталық мемлекеттік архив бас сарапшысы Ермек Жасыбаев, тағы да басқа ғалымдардың айтуынша, майдан даласында от пен оқтың арасында арпалысып, Жеңіс күніне жете алмай кеткен талай боздақтың тағдырына қатысты деректер әлі де қолжетімсіз. Көптеген соғыс құжатының ғылыми айналымға енбеуі деректердің шетел архивтерінде сақталып отырғанымен байланысты.
Жиын барысында Екінші дүниежүзілік соғыс құжаттары мен материалдары негізінде көрме өтті. Іс-шараға қатысқан соғыс ардагерлерінің ұрпақтарына құрмет көрсетіліп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория студенттері, «Сарын» фольклорлық ансамблі және «Just Dance» би студиясының бишілері музыкалық сәлемін жеткізді.
АЛМАТЫ