«Бір ел – бір кітап – 2025» акциясы аясында ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Қоңыр жырым бар еді…» атты кеш өткізілді. Әдеби шараға 50 шақты жас оқырман қатысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кештің басты мақсаты – жас ұрпаққа ақын шығармашылығын кеңінен таныстырып, оның өнегелі өмірі мен терең мағыналы туындылары арқылы оқырмандардың туған жерге, ұлт руханиятына деген сүйіспеншілігін арттыру.
- Облыстық балалар кітапханасындағы апталықтың алғашқы күнін Жұмекен Нәжімеденовке арнап отырмыз. Бүгінгі шараға мектеп оқырмандары, студенттер қатысуда. Кейбір оқырмандарымыз ақын қаламынан шыққан туындыларды оқитын болады. Ақын поэзияларын кеңінен насихаттағымыз келеді,- дейді кітапханашы Жұлдыз Зұлхожақызы.
Іс-шара барысында жас оқырмандар Жұмекен Нәжімеденовтің өмір жолы мен бай шығармашылық мұрасымен танысып, жүрекке жылы, сыршыл өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
– Мектепішілік, қалалық деңгейдегі және колледжаралық Жұмекен Нәжімеденов оқуларына тұрақты түрде қатысып келемін. Бүгінгі поэзия кешіне де ерекше ықыласпен дайындалып, ақынның жүрекке жақын «Өмір», «Бұл не саған түк емес» және «Мінезім жеңілдеу ғой кейде менің» атты үш туындысын ала келдім, – дейді кітапхана оқырманы Аружан Мұсағали.
Шарада ұлттық өнер ұлықталып, күй күмбірлеп, ақын рухына музыкалық тағзым жасалды. Кеш аясында Жұмекен шығармашылығына арналған мазмұнды кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар оқырмандарға Жұмекен Нәжімеденовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылып, белсенді пікір-сайыс ұйымдастырылды.