Сағыз ауылындағы "Шұғыла" мәдениет үйінің өнерпаздары еліміздегі болып жатқан ахуалға байланысты "Біз біргеміз!" атты әлеуметтік желіде жанды дауыста тікелей эфир арқылы онлайн концерт өткізді.
Концерт барысында өнер күй талғамайтынына көз жеткіздік. Өйткені, өнерпаздардың өнерін тура бір киелі сахнадан тамашалағандай әсерге бөлендік. "Шұғыла" мәдениет үйінің директоры Ғафура Жанбосынова концертті ашу барысында:
– Әлемде болып жатқан індетке байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықты ауызбіршілікке шақырып, барлық қазақстандықтарға «Біз біргеміз» деп үндеу жариялағаны баршамызға белгілі. Сол үндеуге біздің ұжымымыз да атсалысуымыз керек деп шештік. Мақсат – өнер сүйер қауымның көңілін сергітіп, бір сәтке рухани демеу сыйлау ғана, - деді.
Концертте Ғ.Жанбосынованың орындауындағы халық әні "Алқоңыр," жергілікті сазгер С.Өтеуовтің "Арман", М.Мерғалиева мен Б.Баянқұлова шырқаған "Сағындым сәулешім," "Табамын сені," С.Шамұратованың орындауындағы халық әні "Беу, айдай" әндері жанды дауыста өнер сүйер қауымның жүрегінен жол таба білді. Бір ерекшелігі - тікелей эфирде өткендіктен, өз ой-пікірлерін ортаға салушылар көп болды. Концертте А.Өміров атындағы Сағыз балалар өнер мектебінің түлегі, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның 4-ші курс студенті, жас әнші О.Жұмаханов С.Жиенбаевтың әні "Ауылға қайтып келемін" атты әнін әуелете салса, концерт соңында ұжым мүшелері Е.Хасанғалиевтің "Ауылым-әнім" әнін бәрі қосылып, ауылдастарға деген ыстық ықыластарын білдірді.
Осылайша жанды дауыста ән шырқаған өнерпаздар тағы бір қырынан көрініп, қолдарынан іс келетінін дәлелдеп, ұжым болып 100 дана бетперде тігіп, күн-түн демей дамылсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары мен ауыл тұрғындарына үлестіріп бергенін де айта кеткен жөн.
– Бүкіл ел болып күресіп жатқан індетке шыдамдылық танытып, сіз бен біз бірігіп әрекет етсек, қауіпсіздік шараларын өз отбасымыздың саулығы үшін, еліміздің амандығы үшін орындасақ алынбайтын қамал жоқ! Үйде болыңыз!Біз біргеміз, - дейді сағыздық өнерпаздар.
Сайран БОРАНҚЫЗЫ,
Сағыз ауылы